1 шілдеден бастап жәрдемақы көлемі өседі

5 Маусым 2019, 15:22
2492
Бөлісу:
1 шілдеден бастап жәрдемақы көлемі өседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-анаға тағайындалатын жәрдемақы мен бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім көрсететіндерге берілетін жәрдемақы көлемі өседі.

«Нұр-Отан» партиясының XVIII съезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмасына сәйкес, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемі 30 % өсуі тиіс.  Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар  күн көріс көлемінің 1,05 мөлшерінде 31183 теңге жәрдемақы алып отыр. 1 шілдеден бастап оның көлемі 10395 теңгеге өсіп, 41578 теңгені құрайтын болады» - делінген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік  корпорациясы  КЕАҚ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, елімізде аталған екі жәрдемақы түрі 95 мыңнан астам адамға тағайындалған. Олардың 82 мыңға жуығы мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар болса, 13 мыңнан астамы бала кезінен I топтағы мүгедектерге күтім көрсететіндер.

Жылдың ортасынан бастап көлемі өсірілетін жәрдемақының қайта есептелуін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері мен Еңбек комитетінің аймақтық департаменттері автоматты түрде жүзеге асырады, бұл үшін жәрдемақы алушылар қосымша құжат тапсырмайды.

Жәрдемақы төлемдерін тағайындау шілденің және келесі әрбір айдың 1-нен 15-не дейін жұмыс күндері жүргізіледі.
Өзгелердің жаңалығы