Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов елімізде 1 сәуірден бастап коммуналдық қызмет тарифтерінің өзгеру ықтималдылығына қатысты нақты шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, қазіргі кезде бұл мәселе қаралып, пысықталуда.
Қалай көтерілетініне қатысты нақты шешім әлі жоқ. Біз бұл мәселені Экономика министрлігіндегі әріптестерімізбен бірге қарастырып жатырмыз, - деді Энергетика вице-министрі Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол коммуналдық қызмет тарифтерін бекітуге Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті жауапты болғандықтан, жағдайды толық түсіндіре алмайтынын алға тартты.
Вице-министр өзгерістер белгілі бір инфляциялық коридор шеңберінде болатынын нақтылады. Ал нақты тетіктер қоғамдық талқылаулар барысында жарияланады.
Энергетика вице-министрі генерация тарифіне қатысты да пікір білдірді. Бұл тарифті министрлік реттейді.
Генерация тарифін қазіргі уақытта көтеруді жоспарлап отырған жоқпыз, бірақ құрамдас бөліктердің бағасы өсетін болса, бұл мәселені көтереміз, - деді ведомство өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Астана мен Алматы қаласының тұрғындары жылу ақысының қымбаттағаны туралы шағым айтқан болатын.