1 қыркүйектен бастап елімізде не өзгереді? Толығырақ BAQ.KZ мақаласынан оқи аласыздар.
Білім күні
1 қыркүйек еліміз үшін аса маңызды күн. Бұл күні оқу жылы басталады. Биыл еліміздегі 7 600-ден аса білім мекемесінде 3,9 млн-ға жуық бала оқуды бастайды. Ал 1-сыныпқа 380 мың оқушы барады.
Тәрбиеші жалақысы өседі
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құзіретті мамандарды тарту мақсатында биыл қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің жалақысы 30%-ға артады. Осылайша 97 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 2,5 есеге өседі.
Мектепте тегін ыстық тамақ беріледі
Биыл 1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушыларының барлығы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Олардың саны шамамен 1,4 млн бала.
Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылады
Жана оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырыла бастайды. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған.
Биыл алғаш рет мектептегі тәрбие бағдарламасына қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктерінің оқу дәрістері енгізіледі. Яғни, аталған күштік құрылымдардың қызметкерлері өз тәжірибелерімен бөліседі.
Стипендия өседі
1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері өседі.
- Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға,
- Магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%-ға,
- ТжКБ студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға арттырылды.
Енді студенттер қанша теңгеден алады: - докторанттар (оның ішінде «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша) – 217 500 теңге;
- даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 579 теңге;
- магистранттарға – 97 024 теңге;
- интерндерге – 75 890 теңге;
- жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша білім алатын студенттер – 67 200 теңге;
- даярлаудың педагогикалық бағыттары және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттер – 41 898 теңге;
- техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттер – 32 681 теңге;
- техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттер – 31 422 теңге.
Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау басталады
1 қыркүйектен бастап президенттік жастар кадр резервіне өтініштерді қабылдау басталады.
Іріктеуге өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйектен бастап pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді болады. Өтінімдер 30 қыркүйекке дейін қабылданады. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, қазақ тілін меңгерген (В1 деңгейінен төмен емес) Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Бұған дейін іріктеу екі рет өткізілген болатын. Президенттік жастар кадрлық резервіне 2019 жылы 300 адам, 2021 жылы 50 адам қабылданды. Қазір 350 азаматтың 75 % жұмысқа орналасты. Олар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді.
Ит-мысықтарды тіркеу міндеттеледі
Үй жануарларын есепке алу ережелері биыл 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Заңның 11-бабының 2-тармағына сәйкес үй жануарларын есепке алуды жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар, ветеринария саласында емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар жүзеге асырады.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Талғат Ердешевтің айтуынша, 10 мысығы, 5-6 иті болса да есепке қоюы керек. Қоймаған жағдайда иесі заң бойынша айыппұл төлейді.
Бұл міндеттен жалтарғандар жауапқа тартылады. Себебі, адамдар өздерінің үй жануарларына жауапкершілікпен қарауы тиіс. «Әкімшілілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 407-1, 407-2-баптарында жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш, заңды тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Бір жылдың ішінде есепке қоймағаны анықталған жағдайда айыппұл көлемі 2 еселенеді, - деді ол.
Дәрігерлердің жалақысы өседі
1 қыркүйектен бастап дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың жалақысын тағы да көтеру жоспарланып отыр.
Биыл Үкімет қаулысымен мемлекеттік медициналық ұйымдарда еңбек ететін дәрігерлердің жалақсын – 30%, ал орта персоналдың айлығын 20%-ға арттыру шешімі қабылданды. Оған сай, еңбекақы төлеу коэффициенттері бекітілді.
Өз кезегінде қаулыда 2023 жылғы белгіленген түзету коэффициенттері дәрігерлерге – 2,73, орта медициналық персоналға (ОМП) – 2,05 мөлшерінде белгіленді.