Қазақстандықтардың өмірі 1 ақпаннан бастап қалай өзгереді? BAQ.KZ тілшісі ақпаннан бастап енгізілетін өзгерістерге шолу жасады.
Оқушылар каникулға шығады
Ақпанда елімізде бірінші сынып оқушыларына қосымша демалыс беріледі. Биыл каникул уақыты 9-15 ақпанға сәйкес келеді.
Ауа райы қандай болады?
«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2026 жылғы ақпан айына арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың мәліметінше, ақпан айы қысқы сипатын сақтағанымен, айдың соңына қарай ел аумағында айтарлықтай жылыну байқалады.
Елдің басым бөлігінде аяз сақталады. Атап айтқанда, солтүстік және шығыс өңірлерде ауа температурасы −13…−18 градус шамасында болады. Ал ең оңтүстік аймақтарда күндізгі температура +3 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Ұлттық қордан балаларға ақша ақпанға дейін аударылады
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап мақсатты жинақтарды алу үшін 205 505 өтініш орындалды.
Жалпы сомасы 31,61 млн АҚШ долларынан астам қаражат уәкілетті операторларға аударылып, 18 жасқа толған азаматтардың банк шоттарына кейіннен есептелді.
2025 жылғы есепті жылға арналған мақсатты талаптар мен инвестициялық табыс 2026 жылғы 1 ақпаннан кешіктірмей қатысушыларға есептеледі. Сондай-ақ, 2008 жылы туған, 2026 жылы 18 жасқа толатын қазақстандықтардың мақсатты жинақтары да 2026 жылғы 1 ақпанға дейін олардың мақсатты жинақтау шоттарына аударылады.
Ораза басталады
Қасиетті Ораза айы 19 ақпаннан басталып, 19 наурызға дейін жалғасады. Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді. Ал Ораза айт мерекесі 20 наурызда атап өтіледі.
Мектептерді бақылаудың жаңа тәртібі енгізіледі
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мектептерде, балабақшаларда, лагерьлерде және балаларға арналған басқа да ұйымдарда бақылаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Басты мақсат - әр бала үшін қауіпсіз, сау және жайлы орта.
Бақылаудың жаңа форматы бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Мектептердің оқу жылына, лагерьлердің жазғы маусымға және медициналық мекемелердің эпидемиялық сынақтарға дайындығын бағалау үшін Мемлекет басшысының, Үкіметтің және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмалары бойынша тексерулер жүргізіледі.
Ең маңыздысы алғашқы тексеруде айыппұлдар қолданылмайды - ұйымдар бұзушылықтарды түзетуге мүмкіндік алады.
Өрт қауіпсіздігі талабы күшейтіледі
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда объектіні қабылдау және пайдалануға бермес бұрын оның өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны алуды міндеттеуді көздейтін азаматтық қорғау саласындағы жаңа талап күшіне енеді.
Бұл міндет құрылысқа тапсырыс берушіге жүктеледі және адамдар жаппай болатын объектілерге, сондай-ақ биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарға, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерге де қолданылады.
Кәсіпкерлер нені білуі керек?
2026 жылғы 1 наурызға дейін жеңілдетілген декларация режимінде қалғысы келетін жеке кәсіпкерлер (ЖК) салық органына міндетті түрде хабарлама тапсыруы керек. Егер хабарлама берілмесе, кәсіпкерлер автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу режиміне ауыстырылады.
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген кәсіпкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өте алады. Бұл режимде жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Режим қолдану мобильді қосымшада алғашқы чектің қалыптастырылған күнінен басталады.
Жеке кәсіпкер ретінде есептен шығуды 1 қаңтардан бастап өз бетінше жасауға болады немесе 2026 жылғы 1 наурызда автоматты түрде есептен шығарылуын күтуге болады.
Бұрын бөлшек салық немесе жеңілдетілген декларация қолданған кәсіпкерлер жеңілдетілген режимде жұмысын жалғастыра алады, бірақ жаңа ережелер бойынша. Жылдық табыс шегі 600 000 АЕК (шамамен 2 млрд 595 млн теңге) болып белгіленген. Негізгі салық мөлшерлемесі – 4%, оны 2%-ға дейін төмендетуге немесе 6%-ға дейін көтеруге болады. Ол үшін 2026 жылғы 28 ақпанға дейін режимді қолдану туралы хабарлама беру қажет.
Шаруа және фермер қожалықтары үшін жеке арнайы салық режимі қарастырылған, оған көшу автоматты түрде жүзеге асырылады.
Қазақстан паспортын алғысы келетіндер емтихан тапсырады
Қазақстан азаматтығын алуға үміткерлерге арналған емтиханға өтініш қабылдау басталады. Өтініштер 3-10 ақпан аралығында қабылданады. Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының сайтында немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.
Емтихан 11 ақпанда өтеді. Емтихан 3 бөлімнен тұрады: Қазақ тілі – 30 сұрақ (өту балы: 15), ҚР Конституциясының негіздері (қаз/орыс тілінде) – 40 сұрақ (өту балы: 20) және Қазақстан тарихы (қаз/орыс тілінде) – 30 сұрақ (өту балы: 15).
Қысқы Олимпиада басталады
2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияда XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Жарысқа Қазақстан құрамасы атынан 36 спортшы қатысады. Қазір Қазақстан еншісінде бірнеше спорт түрінен лицензия бар.