1,7 млн теңгені қолды еткен алаяқ ұсталды

1 Маусым 2021, 14:41
9087
Бөлісу:
1,7 млн теңгені қолды еткен алаяқ ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан полицейлері жер телімін алып беремін деп алаяқтық жасаған ер азаматты ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, 2020 жылдың тамыз айында сырттай танысы «Рысқұлов ауылының ішінен жер алып, заңдастырып беремін» деп әбден сендіріп, алаяқтық жолмен 1,7 миллион теңгесін алған. Алайда арадан бір жылдан астам уақыт өтсе де не жерін, не ақшасын ала алмаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. 

Аудандық тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы тұрғынды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Куәгерлерден жауап алу барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Ұсталған ер адамның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Ол өз кінәсін толық мойындады. Алаяқтық жолмен алынған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Ұсталған ер азамат қолхатпен босатылды, - делінген ақпаратта.

Қазіргі таңда осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді. Кез келген ұсынысты толық тексеріп алыңыз. 

Кезексіз, уақытынан бұрын мәселемді шешемін деп ақша беріп, алаяққа алданып қалмаңыз. Егер де, сіз, осыған ұқсас қылмыстың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, уақыт оздырмай бірден полицейлерге 102 телефоны арқылы хабар беріңіз, - делінген ақпаратта.


Өзгелердің жаңалығы