Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының тәртіп сақшылары тиісті қызметтермен бірлесе отырып, облыс аумағында қажетті құжаттары жоқ болса да мал тасымалдаудың 656 дерегін анықтаған.
Аталған деректер бойынша 277 материал толтырылған. Заң талаптарын орындамаған жүргізушілерге 8 миллион 92 мың теңгенің айыппұлы салынды.
Облыстық полицейлер мал ұрлығының алдын алу мақсатында мал және ет өнімдерін тасымалдауды қатаң бақылауға алған. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдар бойында посттар қойылып, тасымалдауға тиісті құжаттар жіті тексеріледі.
Еңбекшіқазақ ауданында мал тасымалдаушының тиісті құжаттарын тексеру барысында малдың құжаттары күдік тудырып, полиция қызметкерлері мал ұрлығын кәсіп қылған қылмыстық топты ұстады. 5 адамнан тұратын барымташылар тобынан 40 жылқы тәркіленді,- деп атап өтті полицейлер.
Сонымен қатар, аталған топ өкілдерінің мал ұрлығының 18 дерегіне қатысы бары анықталды. Оның 5 фактісі ауыр қылмыстар санатына жатқызылды.
Тәртіп сақшылары өзгенің малын қолды қылған тұлғаларды анықтауға бағытталған «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасын алты мәрте өткізіп, 237 қылмысты әшкере қылған. Оның 102 дерегі бұған дейінгі жылдары жасалған қылмыстар екенін атап өту қажет.
Полицейлер ақпаратына сәйкес, осындай алдын алу шаралары арқылы облыстағы мал ұрлығы 20 пайызға төмендеп, былтырғы жылмен салыстырғанда қылмысты ашу көрсеткіші 11 пайызға артқан.