Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысының Архангелка ауылында тілсіз жау тағы бір адамның өмірін жалмады. Бауыр етін қызыл жалынның аранынан құтақамын деген әке - өзі ажал құшты. Бұл жайында төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен брифингте айтылды.
Фото: автор
От шыққан кезде 13 жастағы жасөспірім үйде жалғыз болған. Баспананың өртене бастағанын көрген қыз бала, терезені сындырып, далаға шыққан. Байқұс әке қақаған аязда далада жалаң аяқ қалған қызына өз пимасын шешіп беріп, көршілердің үйіне жіберген.
«47 жастағы азамат баласын көршілерге жіберіп, өзі отты сөндіру мақсатында ішке қайта кірген. Бірақ артқа қайта шыға алмаған. Түтіннен тұншығып қалған. Өрт сөндірушілер жетер-жетпесте газ баллон жарылып кеткен. Мәйіт үйдің кіреберісінен табылды. Марқұмның 1-2 метр алға жүруге күші болмаған», - дейді СҚО Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.
Төтенше жағдай қызметінің мамандары өрт газ баллонды дұрыс орнатпаудың салдарынан туындауы мүмкін деген болжам айтып отыр. 47 жастағы әкенің соңында 3 баласы мен әйелі қалды. Кенжесі 13 жаста. Өрт шыққан кезде марқұмның әйелі жұмыста болған. Үй түгі қалмай жанып кеткен. Қазір мамандар шығын көлемін есептеп жатыр. Мәйіт жұма күні жер қойнауына тапсырылады.
Өткен түні Петропавл қаласының іргесіндегі Пеньково ауылында жалпы аумағы 180 шаршы метр екі қабатты коттедж түгі қалмай жанып кеткен. Құтақу қызметі мамандарының сөзіне қарағанда, өрт көбіне қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдарынан туындайды.
«Қазір Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдай қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Арнайы штаб құрылды. Мамандарымыз түрлі маңыздағы трассаларда жұмыс істеп жатыр. 101 телефонына түсетін шақыртулар саны да өте көп. Халыққа отпен абай болуға, күннің суығында жолға шықпауға кеңес беремін», - дейді дейді СҚО Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 35 өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жау 4 адамның өмірін жалмады.
Эльмира Кәленова
Фото: автор және шартты