Астана, BAQ.KZ. Мәжілісте жер ресустарын ұтымды пайдаланудың өзекті мәселелері талқылануда. Оған қоғамдық қайраткерлер бастамашы болды.
Дөңгелек үстел барысында сөз алған құқық қорғаушы Ерлан Қалиев ауылшаруашылық жерлерді жалға алуды жетілдіруді қолдап, пікір білдірді.
Оның айтуынша, азамат жер телімін жалға алған кезде келісім шарт жасалып, оның құқықтары мен міндеттері белгіленеді, адамның жауапкершілігі көрсетіледі. Аталған тетікті ауылшаруашылығына енгізу заңнанамаға үлкен өзгерістерді қажет етпейді. Осы ретте Ерлан Қалиев депутаттық корпустан айтылған ұсыныстарды неғұрлым тезірек заңдастыруды сұрады.
Азаматтық қоғам белсендісі Жәнібек Қожық мәселелердің шешімін табуды жеделдетуге назар аударды.
«Біз салық мәселелерін жүйелейтін болсақ, көптеген проблемалар шешімін табатын болады. Жақында көктемгі жұмыстар басталады. Жерді пайдалануға байланысты жауапкершілікті күшейту қажет», - деді Жәнібек Қожық.
Айгүл Орынбек жерді ұтымды пайдалануда заманауи технологиялар мен тәсілдер, әсіресе, ғарыштан мониторинг жасау арқылы бақылауды күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
«Меніңше, ғарыштық бақылау – ол ең алдымен, Елбасы көрсеткен бағытты жүзеге асыру. Бұл жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Талқылауға қатысушы Сыздық Болат бірыңғай аграрлық салықты енгізуге өз қолдауын білдіре келіп, оны жүзеге асырудың мүмкіндіктері бар екенін алға тартты.
Өзекті мәселені талқылауға үкіметтік емес сектор өкілдері, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер, Мәжіліс депутаттары, Ауылшаруашылығы министрлігі, басқа да мемлекеттік орган өкілдері қатысуда.