Жұмыс беруші мобильдік қосымша арқылы медициналық кітапшаның түпнұсқалылығын тексере алады

16 Сәуір 2019, 22:16
3262
Бөлісу:
Жұмыс беруші мобильдік қосымша арқылы медициналық кітапшаның түпнұсқалылығын тексере алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда алғаш рет медициналық кітапшалардың түпнұсқалығын тексеруге арналған жаңа ақпараттық өнім енгізілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, медициналық ұйымдарда медициналық кітапшаларды берудің түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық қызметті ұсынды.

Енді жұмыс беруші Smart Astana мобильдік қосымшасы арқылы медицина кітапшасын шынымен медициналық мекеменің өзі бергенін-бермегінін өз бетінше тексере алады. Әрбір шығарылған медициналық кітапша медициналық ақпарат жүйесінде тіркеледі.

«Қызметкердің ЖСН теру арқылы сіз қайда, қай кезде және медициналық кітапшаның қашан берілгенін біле аласыз», - деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова.

Жыл басында елордада аурухана парақтары мен 083, 086, 094, 095 формалы анықтамаларға QR-код енгізілген болатын. Енді жұмыс беруші клиникаға осы құжаттардың түпнұсқалығын анықтап беру үшін өтініш жасамайтын болды. Бұны Smart Astana қосымшасында смартфонмен QR кодты сканерлеу арқылы қысқа уақыт ішінде жасауға болады. Бұл қызметтер республикада алғаш рет астанада қолға алынды. Ол денсаулық сақтау бағдарламасын цифрландыру және «Астана – адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаның бөлігі ретінде іске асты.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қауіп төндіретін барлық салаға талдау жасаған: білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау. Атап айтқанда, олар жарнамалық сайттарды зерделеген, онда көбінесе сертификаттар, санитариялық кітапшалар, аурулар анықтамасын сату туралы хабарландырулар көп кездескен. Материалдар агенттіктің құқық қорғау бөліміне берілді.

«Өткен жылдың тамыз айында қалада жалған медициналық куәліктер мен басқа да медициналық құжаттар шығарумен айналысқан топ ұсталды. 80 жалған мөр, жалған флюорографиялар табылды. Біздің есептеулеріміз бойынша, осы топтың іс-әрекеттерінің нәтижесінде клиникалар кемінде 25 миллион теңгені жоғалтты. Бұдан басқа, медициналық тексеруден өтпеген, бірақ балалармен қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істейтін адамдар басқа адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызмет бөлімінің басшысы Жазира Жылқышиева.

Әлия Рүстемованың айтуынша, медициналық анықтамаларды тексеру қызметі қазірдің өзінде қаланың барлық аумағында жұмыс істейді, яғни кез келген медициналық ұйымда заңды түрде берілген медициналық кітапша немесе анықтама ақпараттық жүйеде тіркелген. Осындай қызмет түрі үшін лицензия алған мемлекеттік медициналық ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдар медициналық кітапшалар шығаруға құқылы. Медициналық кiтапшаларды, сондай-ақ 083 және 086 анықтамаларды тіркеу тегін медициналық көмектің кепілдік түріне жатпайды. Бұл қызметтер баға тізіміне сәйкес төленеді. Мемлекеттік медициналық ұйымдардың барлығында бір баға көрсетілген.



Өзгелердің жаңалығы