Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Биыл қаңтарда аймаққа нормадан үш есе көп қар түсті. Бұл өңірдегі су тасқыны қаупін жоғарлатып отыр.
Осыған байланысты аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің тікелей бақылауымен су тасқынына дайындық қызу жүріп жатыр.
Жыл сайын көктемде халықтың құтын қашыратын су тасқыны биылғы жылы да қайталануы мүмкін. Себебі өңірге қар жылдағыдан үш есе көп түскен. Табиғаттың тосын мінезіне шенді-шекпенділер мен төтенше жағдайлар қызметі дайындықты бастап кетті.
Мамандар өзен арналарында қоқыстарды тазартып, су ағызуды тереңдету бағытындағы жұмыстарды жүргізді. Аймақтағы елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін 50 гидротехникалық құрылыс анықталып, оларға баратын жолдар қардан тазаланды. Әрбір нысан тәулік бойы кезекшілермен бақыланып отырады. Бөгеттердің жоталарына топырақ төгіліп, су өлшегіш сызғыштар орнатылған.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өзі бастап апта сайын ауыл-аймақты аралап, өңірдің су басу қаупі жоғары елді мекендердің көктемгі су тасқынына дайындығын бақылауда. Ол сондай-ақ, Самарқант су қоймасының торабын бақылап, Бұқар Жырау ауданы Петровка ауылының жанынан жаңадан тұрғызылған гидробекетті көзбен көріп қайтты.
Биыл нормадан үш есе көп түскен қарға байланысты Нұра өзеніндегі ылғал қоры 157 пайызға дейін өсіп отыр. Тасқын судың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар басталып кетті. Біз өткен жылы қауіпті саналатын 140 елді мекенның айналасына қорғаныс үйінділерін орнаттық. Қазіргі уақытта "Қазгидромет" мекемесімен бірлесе Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің жоғарғы жақтарында қар өлшеулерін жүргізудеміз. Қазгидрометтің ақпараты бойынша Нұра, Сарысу және Тоқырауын өзендерінің бассейіндерінде ылғал қорының көлемі 40-60 пайыз нормадан жоғары. Қар өлшегіш маршруттары наурыздың алғашқы күндеріне дейін жүргізіледі. Өңірді алдағы су тасқынына дайындау мақсатында облыста инженерлік жұмыстар жоспары іске асырылуда. Жоспар бойынша өзендерді тазалау, түбін тереңдету, қорғаныс дуалдарын құру және оларды нығайту, арықтарды, нөсер жүйесін кеңейту жөніндегі іс-шаралар атқарылуда. 2017-2019 жылдары облыс аумағында қорғаныс дуалдарын салу, құбырларды орнату, сондай-ақ, Соқыр және Тоқырауын өзендерін санациялау жөнінде іс-шаралар іске асырылды. Ағымдағы жылы Нұра және Шерубай- Нұра өзендерін санациялау бойынша іс-шаралар жоспарланған. Су тасқынына дайындық жалғасуда және тұрақты бақылауда, - дейді төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ибрагим Күлшімбаев.
Қарағанды облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, Федоров және Саран су қоймаларында реттегіш шлюздері жөнделген.
Биылғы жылы Топар және Тихоновка апаттық гидротехникалық құрылыстарына күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Өткен жылы Соқыр өзенін санациялау жұмыстары аяқталды. 2020 жылы Шерубай-Нұра және Топар өзендерін санациялау жоспарлануда.