Астана, BAQ.KZ. Ақпан айының 1-4 күндері Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында Құсбегіліктен ҚР ХІІІ чемпионаты өтті. Ересектер арасындағы елішілік чемпионат биыл бұл облыста төртінші мәрте ұйымдастырылды.
Құсбегілер жарысы жиіледі. Қаңтардың соңында Шымкент қаласында өткен жас құсбегілер чемпионатымен қатар Алматы өңірінің құсбегілері «Салбуырын» атты саятшылықтан республикалық бәсеке өткізді. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен «2019 жылға арналған Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбелік жоспарына» сәйкес өткізілген бұл чемпионат еліміздің барлық облыстарындағы құсбегі-спортшылары қатысқан биылғы жылғы үшінші жарыс.
Құсбегілік ересектер чемпионаты шығыс өңірде қатарынан төртінші рет өтті. Атап айтқанда, 2016 жылы Құсбегіліктен ҚР Х чемпионаты Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында, 2017 жылы Құсбегіліктен ҚР ХІ чемпионаты Аягөз қаласында, 2018 жылы Құсбегіліктен ҚР ХІІ чемпионаты Үржар ауданында ұйымдастырылды. Бұл жолғы чемпионат алғаш рет Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында өтті.
Оннан астам облыс құсбегілері сарапқа салған елішілік чемпионаттың бәсекесі де тартысты болды. Шымкент қаласында өткен Жастар чемпионатында қос күміс медалды олжалаған түркістандық Д.Аршабайдың құсы ересектер бәсекесінде де жүлделі орынды иеленді. Ал, Баетбай әулеті баптаған бүркіт қола медальды алып берсе, қаршығалары бірінші, екінші орынды қатарынан қанжығаларына байлады. Бүркітшілер бәсекесінде атақты бүркітші Күнтуған Тоқтыбайдыңұлы астаналық Серікбек Күнтуған бас жүлдені иеленді.
Құсбегіліктен 2019 жылғы ересектер арасындағы ҚР ХІІІ чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері
(Бүркіт)
1 орын – Күнтуған Серікбек (Астана қаласы )
2 орын – Қошқаров Арман (Атырау облысы )
3 орын – Баетбай Сағыныш (Алматы облысы )
(Ителгі)
1 орын – Кенжетаев Ерлан (Ақмола облысы)
2 орын – Исабеков Қуаныш (Алматы облысы)
3 орын – Аршабай Дәурен (Түркістан облысы)
(Қаршыға)
1 орын – Баетбай Сағыныш (Алматы облысы)
2 орын – Баетбай Өмірхан (Алматы облысы)
3-орын Ғалым Самғат (Шығыс Қазақстан облысы)