Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Берел қорымы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Бұқтырма өзенінің он жағалауында орналасқан. Мыңжылдықтар тарихын арқалаған Берел қорымы – Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына енген қасиетті мекен.
Құнды жәдігерлер мен обалар тарих қойнауынан сыр шертіп, археологиялар зерттеулердің айнымас орталығына айналды, деп хабарлады ШҚО ақпараттық орталығы.Обаларды жүйелі түрде зерттеу Зейнолла Самашевтың есімімен тікелей байланысты. Оның басшылығымен жүргізілген қазба жұмыстардың нәтижесінде 1998-1999 жылдары қолдан жасалған мәңгі мұздықтағы № 11 "Патша қорғанынан" сақ көсемі мен әйелдің және ер тоқымымен бірге жерленген 13 жылқының мүрдесі табылды, оған қоса патшаның салтанат киімі, мініс аттардың ат әбзелдері, ағаштан, былғарыдан, киізден аң стилінде жасалған мыңнан астам қолөнер жәдігерлері табылды. Кейінірек тағы да мәңгі тоң басқан екі қорған зерттеліп, олардан да жерленген жылқылардың мүрделері табылды.
2016 жылы облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен археология сала-сында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарламаның негізгі мақсаты - өңірдің туристік бағытын дамыту үшін мәдени брендін қалыптастыру, Әлемдік ЮНЕСКО қорын толықтыру.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасымен құнды жәдігерлерді келушілердің көруіне мүмкіндік жасау үшін қорғанның үстінен шыны саркофаг тұрғызылды. Қатты шыныдан жасалған саркофагтің аумағы 90 шаршы метр, ал биіктігі жәдігерлер жатқан жерден бастап 8,5 метрді құрайды. Ашық аспан астындағы мұражайды ашу – облыс үшін маңызды мәдени құбылыс болды.