"Қордай" бекетін жөндеу жұмыстары қыркүйекте басталады

24 Маусым 2019, 17:50
1266
Бөлісу:
"Қордай" бекетін жөндеу жұмыстары қыркүйекте басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жайында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов айтты.

"Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы "Қордай" бекетін реконструкциялау жұмыстары биылғы қыркүйекте басталады. Қырғызстан тарапынан жəне біздің тарапымыздан ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, заманауи өткізу бекетін бірлесіп саламыз. Жолдары кеңейіп, алаң аумағы да үлкейеді. Қазір құжаттарды тексеру пунктінде 12 адам отырса, енді олардың санын 30-ға дейін көбейтеміз. Яғни, 30 адам бір уақытта тексерістен өте алады. Бұл дегеніміз, бір минутта 30 адам, ал екі минутта 60 адам өтеді", - деді Дархан Ділманов Мәжілістегі жиыннан кейін.

Реконструкциядан кейін "Қордай" бекетінің өткізу қабілеті тəулігіне 50 мың адамды құрамақ.

"Бүгінгі күні бекет арқылы тəулігіне 20-25 мың адам өтсе, жаз кезінде 30-35 мың адам өтеді. Біз жөндеу жұмыстарынан кейін өткізу қабілетін 50 мың адамға дейін арттырмақпыз", - деді Дархан Ділманов.

ИИДМ дерегінше, "Қордай" бекетінің реконструкциясы 2020 жылы аяқталады. Бұдан өзге, Қазақстанның Қытай, Ресей, Өзбекстан жəне Түркіменстанмен шекарадағы пунктері реконструкцияланады. 

Бүгін Мәжілісте мемлекеттік шекараны қорғауға қатысты дөңгелек үстел өтті. Шарада қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қорғауды заңнамалық жəне құқықтық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Іс-шараға ҰҚК, Қорғаныс, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер мен ЖОО өкілдері қатысты.
Өзгелердің жаңалығы