Астана, BAQ.KZ. ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейдегі банктердің жеке тұлғаларға несие беру кезінде комиссиялардың жекелеген түрлерін алуға тыйым салу туралы шешім қабылдады.
ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы екі жылда Ұлттық банктің бастамасымен 2018 жылғы 2 шілдедегі және 2019 жылғы 21 қаңтардағы Заңдардың аясында Қазақстан Республикасының заңнамасына екінші деңгейдегі банктердің жеке тұлғаларға несие беру кезінде комиссиялардың жекелеген түрлерін алуға тыйым салатын өзгерістер енгізілген болатын.
"Екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – банктер) ай сайынғы негізде комиссияларды алуын қысқарту мақсатында Ұлттық банк қарызды берумен және қызмет көрсетумен байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жеке тұлғалармен жасалатын банктік қарыз шарттары бойынша қарызды банктік шотқа аударғаны (бергені) үшін комиссиялар белгілеуге және алуға тыйым салды", - делінген хабарламада.
Тыйым 2019 жылғы наурыздан бастап жасалатын банктік қарыз шарттарына қолданылатын болады.
2019 жылдан бастап сыйақымен және тұрақсыздық айыбымен қатар, банктер жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша мерзімі қатарынан күнтізбелік 180 күн өткеннен кейін есептелген қарызды берумен және қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен өзге төлемдерді талап етуге құқылы емес.
"Сонымен қатар, биыл Ұлттық банк жылжымайтын мүлік кепілімен ипотекалық қарыз алған жеке тұлға-қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында банктерге мерзімі күнтізбелік 180 күн өткен соң есептелген сыйақыны төлеуді талап етуіне тыйым салды", - деп хабарлады Ұлттық банк.
2019 жылғы 21 қаңтардағы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін (яғни 2019.03.02. дейін) есептелген және төленген сыйақының қайта есептелмейтінін білген дұрыс.
2018 жылғы 2 шілдедегі заңмен қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге төлемдер қарыз бойынша берешекті өтеу кезектілігіне енгізілді.
2019 жылғы 1 ақпаннан бастап өзгерістер күшіне енді, оған сәйкес банктерге қарыз алушыларды төленетін сыйақының мөлшері туралы хабардар ету мақсатында сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін жылдық пайызбен ғана емес, сол сияқты белгілеген сомада, яғни нақты сома мөлшерінде көрсету мүмкіндігі беріледі.
Сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін белгіленген сомада бір айдан аспайтын мерзімге берілген қарыз, төлем карточкасы бойынша кредиттік желі шеңберінде берілген қарыз, овердрафт кредиті, сондай-ақ кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім бойынша ғана белгілеуге болады.
Бұл ретте белгіленген сомадағы сыйақы мөлшерлемесімен қарыздар бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшері заңнамада белгіленген шектеуден аспауға тиіс.