Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік өңірлер жаппай егін жинауды 20 тамызға қарай бастайтын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты
Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,5 пайызға ұлғайып, 1,7 трлн теңгені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығында өндіріс көлемінің 2,6 %-ға, оның ішінде тірі салмақта еттің 3,6%-ға, сүттің 3%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Облыстар бөлісінде республикалық деңгейден жоғары қарқын Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында байқалып отыр. 6 айдың қорытындысында ірі қара мал саны 4,5, қой саны 2,5, жылқы саны 8,5, түйе саны 4, шошқа саны 0,7 пайызға өсті, - деді Сапархан Омаров.
Министр баяндамасы барысында өңірердегі егін жинау науқанына тоқталды.
Бүгінгі күні Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында дәнді дақылдарды жаппай жинау жүргізіліп жатыр. Осы жылдың 10 тамызындағы жағдай бойынша 929,4 мың гектар немесе егін жиналуы тиіс алқаптың 37,3 пайызы бастырылды. Орташа түсім гектарына 19,1 центнерді құрайды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен бірдей. Бүгінгі күнге дейін 1,8 млн тонна дәнді дақыл бастырылды. Өткен жылдың дәл осындай кезеңінде 1,4 млн тонна астық жиналған болатын, - деді ол.
Сонымен қатар, ол республиканың негізгі егін егуші өңірлері жаңа егін көлемін жинауға кірісіп кеткенін айтты.
Бүгінгі күні 93,3 мың гектар жерде егіс жиналды. Солтүстік өңірлер жаппай егін жинауды 20 тамызға қарай бастайтын болады. Нәтижесінде 7 айдың қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылығында өнім көлемі 2,1 пайызға ұлғайып, 242 млрд теңгені құрайды, - деді Омаров.