Назарбаев өңір әкімдерімен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету дайындығын талқылады

3 Сәуір 2020, 17:16
1209
Бөлісу:
Назарбаев өңір әкімдерімен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету дайындығын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Еlbasy.kz сайты жазды. 

Әңгіме барысында өңірлердегі ахуал және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жергілікті биліктің дайындығы талқыланды.

Бірінші кезекте Елбасына өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бағытында қабылданып жатқан шаралар мен елді мекендердегі медицина нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жөнінде мәлімет ұсынылды.

Нұрсұлтан Назарбаевқа коронавирустың таралуына байланысты қиын жағдайға тап болған адамдарға Nur Otan партиясының өңірлік филиалдары тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы баяндалды. Әкімдер төтенше жағдай кезінде адамдар мен бизнесті қолдауға бағытталған шараларды одан әрі жүзеге асыруға дайын екендерін айтты.

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы төтенше жағдай кезіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударды.

Әкімдер еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі көктемгі егіс науқаны барысы мен солтүстік аймақтардағы егін егу жұмыстарына дайындық туралы ақпарат беріп, жекелеген облыстарда су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жоспарлары жөнінде баяндады.

Елбасы әкімдерге төтенше жағдай кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көрсетіліп жатқан көмекті әрбір мұқтаж адамға жеткізу бойынша тиімді жұмыс атқаруға тілектестік білдірді.

Өзгелердің жаңалығы