Алматы, BAQ.KZ тілшісі. БҰҰ-ның алты тіліне аударылған қазақ әдебиеті антологиясының таныстырылымында жазушы, драматург Дулат Исабеков осы шығармаларды шетелде насихаттау жағын қолға алсақ деген ойын білдірді.
Оның айтуынша, халықаралық нарыққа өтпеген кітап жеке саталымдарда болмайды. Сондықтан аударма жұмысының жалғасының жалғасы ретінде оны жарнамалауға да күш салу керек.
Қазақ әдебиетін шетелге таныту жөніндегі біздің арманымыз Кеңес үкіметі кезінде басталған. Жеке Тәуелсіз мемлекет болсақ, өзіміздің құнды шығармаларымызды өзіміз аударатындай болсақ, өзіміз қаржыландырсақ деген тілегіміз қазір орындалып отыр. Шығармалардың сапасына қатысты түрлі әңгімелер айтылуы мүмкін, дегенмен аударманың басталғанының өзі жақсы нәрсе. Қазақтың прозасы, поэзиясы өте бай. Шетелдіктердің оған қызығушылығы зор. Олар шын шығарманы оқығысы келеді, - деді жазушы.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев еліміздегі ақын-жазушылардың еңбегін жарнамалауға арналған Креативті индустрия бағдарламасы іске қосылып жатқанын жеткізді.
Бұл бағдарламаның бір тармағы осы көркем әдебиеттерге арналған. Яғни жарық көрген дүниені шығару, таныстыру. Өз дүниелерімізді жарнамалап таныстырмасақ халықаралық сыйлықтарға қайтіп ие боламыз? Біздің шығармамызды білмесе Нобель сыйлығына қайтіп ұсынады. Алайда бізде оған лайық шығармалар бар. Міне осы тұрғыда өз құндылықтарымызды қалай жеткіземіз, қалай таныстырамыз деген бағытта Краетивті индустрияны құрып отырмыз, - деді әкім.
Сондай-ақ, қала әкімі Алматыда өтіп тұратын "Кітап фест" көрмесінің ауқымын биылдан бастап кеңейте түсетіндерін айтты.
Бұл көрмені биылдан бастап кең көлемде өткізгіміз келіп отыр. Оған әкімшіліктен арнайы қаржы бөлеміз. Жылдан жылға оның ауқымын кеңейтіп, оны көрші елдерге де таныстыратын жағдайға жеткізгіміз келеді, - деді Сағынтаев.