Сот төрағасы болашақ заңгерлердің білім сапасын жетілдіруге атсалысты

29 Сәуір 2019, 21:01
2448
Бөлісу:
Сот төрағасы болашақ заңгерлердің білім сапасын жетілдіруге атсалысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттеріне арналған лекция өткізді, деп хабарлады Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.

Лекцияда Досжан Әміров болашақ заңгерлерге заңнамадағы өзгерістерді түсіндіріп өтіп, соттарға енгізіліп жатқан жобалар, олардың нәтижесі, сот жүйесінің жетістіктері, мемлекеттік тілді игерудің маңыздылығы мен судья лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптар туралы айтып өтті.

Облыстық соттың төрағасы қылмыстық заңнаманы ізгілендірудің негізгі бағыттарын, электрондық сот ісін жүргізуді дамыту, сотқа дейін және сотта татуластыру рәсімдерін қолдану туралы толық айтып өтіп, «Отбасы соты», «Виртуалды сот», «Түңгі сот», «Еңбек дауларын алдын алу», «Судья көмекшісі», «Татуластырушы судья» жобалары бойынша көрсеткіштерді атап өтті. 

«Өздеріңіз білетіндей 2019 жыл Жастар жылы деп аталды. Біздің студенттер – еліміздің болашағы. Сауатты және білімді мамандар ғана еліміздің бәсекеге қабілетті азаматтары бола алады. Сондықтан да, сот жүйесі жас заңгерлерді болашақ мамандыққа дайындау, білім сапасын жетілдіру, жас заңгер-мамандардың тәжірибелік икемін дамыта отырып, кәсіби икемделуі мен қызметке орналасуға қолдау көрсету бойынша университетпен тығыз қарым-қатынаста», - деді облыстық соттың төрағасы. 

Студенттермен кездесу сот және университет арасындағы өзара әріптестік жөніндегі меморандум аясында өткізілді. Әріптестіктің негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, жаңа форматтағы заңгер мамандарды қалыптастыру, құқықтық қолдану, медиация институты және Билер кеңесі сияқты татуластыру рәсімдерін дамыту және басқа да өзекті мәселелерді талқылау болып табылады. Облыстық сот төрағасы университеттің 55 түлегі сот органдарының қызметкерлері болып табылатындығын атап өтті. 

Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-нің ректоры Марат Сырлыбаев Досжан Әміровке кездесуге қатысқаны үшін алғыс білдіріп, құқық саласын зерделеу мәселелері бойынша бірлескен жұмысты одан әрі жалғастырудың қажеттілігі туралы атап өтті. 


Өзгелердің жаңалығы