Маңғыстау облысында қазақ елінде баламасы жоқ әлеуметтік жобалар нәтижелі жүзеге асып жатыр

17 Сәуір 2019, 21:30
4066
Бөлісу:
Маңғыстау облысында қазақ елінде баламасы жоқ әлеуметтік жобалар нәтижелі жүзеге асып жатыр
Фото: автордан

Ақтау, BAQ.KZ тілші. Ақтауда өткен Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс ХХХ конференциясында аймақ әкімі көпбалалы аз қамтылған отбасыларға шарапатын тигізіп жатқан іс-шараларды жандандыру қажеттігін айтып, сала мамандарына бірқатар тапсырма жүктеді.

Маңғыстау облысында қазақ елінде баламасы жоқ әлеуметтік жобалар нәтижелі жүзеге асып жатыр

Партия жиынында Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның кезекті XVIII съезінде «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы» жобалары бойынша жүктеген міндеттері туралы Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Батырбек Ибрашевтің баяндамасы тыңдалды.

«Өзіңізге белгілі, ағымдағы жылдың бірінші сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-дан 70%-ға дейін өсті. Мысал үшін, төрт баласы бар табысы жоқ отбасы бұрын 73 380 теңге көмек алса, енді 117 мың 435 теңге алып жатыр. Жаңа әлеуметтік шаралар аясында ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмекпен кемінде 14 мың адам, оның ішінде 9 мың 283 бала қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда отбасының жиынтық табысының құрамынан «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне, көпбалалы отбасыларға, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақы және стипендияның алынып тасталуы. Яғни, олар табыс ретінде есептелмейді. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудағы ең маңызды өзгерістердің бірі - сұратылатын құжаттар тізбесін оңтайландырылды. Енді олар тек қана жеке куәлікпен тағайындалады. «Е-халық» базасына тұрғындарды енгізудегі мақсат – бүкіл облыс тұрғындарының әлеуметтік портретін қалыптастыруында. Базаны толықтырған кезде әрбір отбасының жағдайын көріп, көмекке мұқтажы анықталатын болады. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес көпбалалы аз қамтылған әр отбасыға жергілікті бюджеттен 100 мың теңге мөлшерде біржолғы әлеуметтік көмек төлене бастады», - деп сөз бастады әлеуметтік орган басшысының орынбасары.

Батырбек Ибрашевтің сөзінше, бүгінде орталықтан шалғай өңірде 42 мың 42 көпбалалы отбасы тұрады. Биылғы жылы кем дегенде осы санатқа жататын 1335 жанұя жоғарыда аталған біржолғы әлеуметтік көмекпен қамтылады деп жоспарланған.

Маңғыстау облысында қазақ елінде баламасы жоқ әлеуметтік жобалар нәтижелі жүзеге асып жатыр

Осы жылдың екінші тоқсанынан бастап аз қамтылған отбасылардың мүгедек балаларын оңалтудың 2 курсынан тегін өтуіне қаражат бөлінеді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына мүгедек бала бағып отырған аз қамтылған отбасының бір мүшесімен бірге әуе кемесінде жолға шығу шығынын жергілікті қазынадан көтеру де көзделіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қолданыстағы балабақшалардан арнайы топтар ашу да күн тәртібінде тұр. Қоғамдық көліктерде тегін қатынауына мүмкіндік берілуі мұнайлы аймақта тұратын көпбалалы аналарды қуантып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді.

«Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында тұратын көпбалалы аналар 1 сәуірден бастап қоғамдық көліктерде тегін жүре бастады. Мұндай әлеуметтік көмек 1 тамыздан бастап Жаңаөзен қаласының көпбалалы аналары үшін қолжетімді болмақ. Ал 2020 жылы Маңғыстау және Бейнеу аудандарында осы аталған іс-шаралар жүзеге асады деп жоспарланған», - деді Батырбек Ибрашев.

Осы реттегі жұмыстардың неліктен кезең-кезеңімен жүзеге асатынын халыққа жан-жақты түсіндіруді айтып, баяндамашыға нақты тапсырма жүктеді аймақ басшысы.

«Қоғамдық көлік қатынасына жауапты тұлғалар алдын-ала жасалған келісімшарттардың негізінде жұмыс атқарады. Оларды қазір барып бұзуға ешқандай қақымыз жоқ. Сондықтан көпбалалы аналардың облыс аумағында қоғамдық көліктермен тегін жүруіне жол ашуды кезең-кезеңімен орындайтын боламыз. Осыны халыққа түсіндіріп, қайталап айтып отыруымыз қажет», - деп шегеледі өз тапсырмасын Ералы Лұқпанұлы.

Трибунада тұрған баяндамашының қазақ елі мен көршілес мемлекеттерде еш баламасы жоқ «Бизнес 3 күнде» әлеуметтік жобасының жүзеге асыруда келтірген мәліметтеріне де аймақ әкімі үн қосып, көпке түсінікті тілмен толықтырып отырды.

«Бизнес 3 күнде» жобасының мағынасы терең. Бұл, кезекті қайырымдылық акция емес, өз кезегінде баламасы жоқ әлеуметтік жоба. Халыққа сұраған бұйымын апарып береміз деген мәлімет дұрыс емес. Кәсіп бастауға қажет дүние жұмыс жасаймын деген азаматтарға ғана беріледі. Шүкір, елімізде көптеген бағдарлама бар. Мәселен, «Бизнестің Жол картасы-2020» жобасы тұрғындарға кеңінен таныс. Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасының шарапатын мыңдаған отбасы көріп отыр. Жергілікті кәсіпкерлер палатасында 4-6%-бен несие алуға болатын жобалар таныстылып жүр. Бірақ, расын айту керек мұндай мүмкіндіктер жағдайы төмен азаматтарға жетпей жатады. Мысалға, 26 мыңдай біздің өңірде көпбалалы аналар бар. Оның ішіндегі бес мыңдайының жағдайы төмен, мүмкіндіктері шектеулі жанұялар. Міне, осындай ғана отбасыларға көмектесеміз», - деді облыс әкімі.

Облыс басшысы аталған әлеуметтік жобаның «Ашыққанға балық емес, қармақ бер» қанатты сөзін өмірде нәтижелі жүзеге асыруға бағытталғанына тоқталды. Айтуынша, бар-жоғы бір айдың ішінде үш мыңнан астам адамға әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетілген.

«Бірақ, ол көмектің барлығы да уақытша ғой. Екі жұма не бір ай өтер оларға апарған ұн да басқасы да таусылады. Сондықтан, олардың өз бетімен табыс тауып, аяққа тұрып кетуіне жағдай жасауымыз қажет. Өзіміздің өңірде жүзеге асып жатқан «Нұр-Капитал» жобасын алайық. Бір процентпен берілетін несиені де ала алмай отырған азаматтарымыз бар. Себебі, қоятын кепілі жоқ. Сәйкесінше, несие берілмейді. Осы тұрғыдан мүмкіндігі шектеулі, бірақ еңбек етемін дейтін адамдар үшін осы жобаны қолға алып отырмыз. Кредитсіз, кепілсіз ең бастысы қайтарымсыз. Соңғы сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Егерде кәсіп бастауға қажет бұйымды алып, бекерге отырғаны анықталса, кері қайтарып алып басқа жанға беретін боламыз», - деді Ералы Тоғжанов.

«Өткен жолы бір отбасыға 15-20 тауық апарып берсе, екінші күні, бұл бизнес болмайтын түрі бар деп айтатын көрінеді үйдің иесі. Мыналардың әтеші жоқ деген соң жақсы деп оған әтешті деп апарып бердік» - деп күлдірді көпшілікті аймақ басшысы.

Қазіргі таңда аймақ кәсіпкерлерінің қолдауымен аз қамтылған көпбалалы жүз отбасы үйінде отырып-ақ, бизнес бастап табыс тауып жатыр. Әрқайсысы тәтті тағам пісіріп, киім-кешек пішуге қажет құралдармен қамтылған. Тауық немесе бөдене бағамын деушілердің сұранысы қанағаттандырылуының арқасында, сауда нүктелеріне құс еті мен жұмыртқасын шығарушылардың қатары өскені байқалады.

«Бюджеттен бір тиын шығын шығармайтын осындай жобаны қолдаған Самат Мұсабаев, Сұңғат Асылбек, Асқар Керелбаев сынды жомарт жүректі кәсіпкерлерге алғыс айтамын. Әзірге 100 отбасыны қамтыдық. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 1000 жанұяға дейін жеткізуіміз керек. Бұл шаралардың нәтижелі әрі қысқа мерзімде жүзеге асып, халық игілігін көруі үшін аймақтағы Nur Otan партиясының мүшелері де белсенді атсалысуы керек», - деді ол.

«Бизнес 3 күнде» жобасының тұжырымдамасын осыған дейін Үкімет басшысы Нұр-Сұлтан қаласына арнайы алдыртып, кең көлемде өткен отырыста сөз еткені де сөз болды осы жиында.

Сөз соңында қоса кетейік, ҚР Әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев бұған дейін аймаққа келген жұмыс сапарында бұл жобамен танысып, оң бағасын беріп кеткен болатын. Кейін Елдордада өткен отырыста көпшілікке кеңінен таныстырып, барлық облыс әкімдеріне жүзеге асыруға тапсырма берген екен.


Өзгелердің жаңалығы