Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин және Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов «Бейнеу – Ақжігіт - Өзбекстан шекарасы» бағытындағы халықаралық маңызы бар автокөлік жолының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады primeminister.kz.
ҚР Үкіметінің басшысы «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан Республикасының шекарасы» халықаралық автомобиль жолында қозғалыстың ашылу рәсімімен құттықтап, бұл айтулы оқиғаның Орталық Азияның көлік инфрақұрылымының дамуына, сауда-саттық көлемінің артуына, транзиттік әлеуетін іске асыруға серпін беретінін атап өтті.
«Бұл жоба ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен іске асырылды. Бұл жолдың ашылуы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев және Өзбекстан президенті Ш.М. Мирзиеев айқындаған стратегиялық әріптестікті қарқынды дамыту символы болып табылады», - деді ҚР премьер-министрі.
ҚР Үкіметінің басшысы «ашылу рәсіміне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан бұл жобаның Қазақстанның Өзбекстандағы жылында бастау алғанының терең мәні бары екенін» атап өтті.
«Ағымдағы жылдың сәуір айындағы мемлекет басшының Өзбекстанға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықтың дамуына қосымша серпін берді»,- деп атап өтті ҚР премьер-министрі.
ҚР Үкіметінің басшысының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара қарым-қатынас сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шықты және оң динамикаға ие болды. Оның дәлелі өзара сауда көлемінің жыл сайынғы өсімі болып табылады. Өткен жылы тауар айналымы $3 млрд құрады. Биылғы жылдың басынан бері оң өсім динамикасы байқалуда.
Өзбекстан премьер-министрі А. Арипов көршілес бауырлас Қазақстан мен Өзбекстан елдері үшін бұл оқиғаның стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бұл жобаны табысты іске асыру Жібек жолының сауда ағынына және бүкіл біздің аймақтың дамуына жаңа серпін береді», — деді Арипов «бұл автомагистральдің, ең алдымен, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі жандандыру үшін маңызы зор» екенін атап өтіп.
Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Асқар Мамин өңірдегі бірқатар инновациялық өнеркәсіптік кәсіпорындарға барды, өңірде «жасыл экономиканың» дамуымен және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен, жаңа мәдени және туристік нысандардың салыну барысымен танысты.
Асқар Мамин Маңғыстау облысында жаңартылатын электр энергиясы көздерінің дамуымен, өңірде автожолдардың салынуымен және қайта жөнделуімен танысты. Өңірде жалпы қуаттылығы 50,6 мегаватт болатын күн және жел электр станцияларын салу бойынша бірқатар жобалар іске асырылған. 2021 жылға қарай өңірде қуаттылығы 147,6 мегаватт болатын жаңартылатын энергия көздері жұмыс істейтін болады деп күтілуде.
ҚР премьер-министрі жаңа ықшам аудандарды сумен, жылумен, газбен, электр қуатымен қамтамасыз ету үшін инженерлік желілерді салу бойынша жобалар туралы ақпараттандырылды.
«Шлюмберже» компаниясының мегабазасын аралау кезінде Мамин мұнай кен орындарына қызмет көрсету бойынша кәсіпорынның жаңа өндірістік және сервистік мүмкіндіктерімен танысты. Қазіргі кезде компания Қазақстанда тапсырыс берушілердің басым бөлігінің қажеттіліктерін өтеп отыр.
Асқар Мамин жоғары сапалы жол битумдарын өндіретін «Каспи битум» бірлескен кәсіпорын жұмысымен танысты. Бірлескен кәсіпорын құрылтайшылары – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «CITIC Kazakhstan» ЖШС. Кәсіпорын 1 млн тоннаға дейін жоғары шайырлы мұнайды өңдеп, көлемі жылына 520 мың тоннаға дейін түрлі маркалы битумдар өндіре алады. 2018 жылы кәсіпорын Қазақстандағы барлық жол битумының 37% шығарды.
«Каспий» тұщыландыру зауытын аралау кезінде ҚР Үкіметінің басшысына зауытты жаңғыртудың екінші кезеңі туралы баяндалды, онда ауыз су өндіруді тәулігіне 40 000 м3 дейін арттыру қарастырылған, бұл Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған аудандарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ҚР премьер-министрі жаңа туристік кешеннің және Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталықтың құрылыс алаңдарында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Мәдени орталықтың жалпы аумағы 9,5 мың ш.м. құрайды. Нысанды 2020 жылдың соңына қарай пайдалануға беру көзделген.
Асқар Мамин аралап көрген Каспий теңізінің жағалауындағы заманауи қонақ үй кешені туристерге қажетті барлық инфрақұрылыммен 800 орынға шақталған. Оны 2020 жылы маусымда пайдалануға беру көзделген.