Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың қаулысымен коронавирус инфекциясына байланысты өңірде карантин күшейтілді.
Қарашығанақ кеніші қызметкерлерінің бірі короновирус жұқтырғаны анықталған соң кен орны маусымның бесіне дейін карантинге жабылды. Науқас инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Кеніш аумағында және вахталық ауылдар арасында сағат 19-дан таңертеңгі 7-ге дейін адамдардың жүруіне тыйым салынды. Ауысымды жұмысына сырттан келгендердің денсаулығын тексеріп, вирустан аман екені анықталғанда ғана кеніш аумағына кіруіне рұқсат береді.
25 мамырда Оралда бір апта бұрын ғана жұмысын жалғастырған бала бақшалар мен білім орталықтары қайта жабылды. Қалада білім беру мекемелерінің алты қызметкерінен вирус табылған. Ал облыс көлемінде өзге балабақшалар жұмыс істеп жатыр деп хабарлады өңірдің бас санитар дәрігерінің орынбасары Нұрлыбек Мұстафин.
COVID-19 жұқтырған науқастар дәрігерге қаралуға барған Оралдағы алты емхананың төртеуі жабылған. Осы мекемелердегі медицина қызметкерлерінің денсаулық жағдайын тексеріп жатыр.
25 мамырдағы мәлімет бойынша, Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар саны - 414 адам, арасында жасы 14-ке толмаған 15 бала бар. Қазір 342 адам - стационарда, тағы 1134 адам үйінде карантинде жатыр.