Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Ұлтымыздың патенттелмеген өнертабыстарының бірі – қара сабын. Бабаларымыз тәннің де, жанның да саулығы үшін тазалығына айрықша көңіл бөлген.
Жазда жайлауға, қыста қыстауға көше қонып жүрген жұрттың кірі мен қоңын, киім-кешегін, көрпесі мен жастығын мұнтаздай таза ұстағанына мысал көп. Бұл да бүгінде ұмытылуға айналған, әжелеріміз өз қолдарымен қазанға қайнатып алатын қара сабынның арқасы."Сан түрлі ауруға ем бұл сабынды әзірлеудің аса қиындығы жоқ. Алабота, түйеқарын, ермен, сексеуіл сынды өсімдіктердің күлі мен кәдімгі малдың майы болса, әжелеріміздің қара сабынын әзірлеуге болады. Ол үшін алдымен күлді қазандағы суға қайнатып, құрамындағы сақарын тұндырып аламыз. Сақар мен май араласып, иленген қамыр іспеттес болғанда, оның көлеміне қарай қойдың не түйенің жүнін қосады. Сосын оны әбден араластырып, бейнеттенгенде, әжем жарықтықтың алатыны – қол басындай ғана сабын еді," – дейді кәсіпкер Ерлан Ормантаев.
Ерланның бала кезінде көрген-білгендері бертінде осы өнім түрін шығару ісімен түбегейлі айналысуына түрткі болған. Отбасылық «Джупбаева Г.Д» жеке кәсіпкерлігін ашуы да содан. Қазір оның Тараз қаласында арнайы өндірістік цехы мен екі дүкені жұмыс істеп тұр.
Цехта кір сабын, сұйық сабынмен қоса түрлі жуу ұнтақтары шығарылып, тұтынушыларына жөнелтілуде. Оларды түп көтере сатып алуға да болады. Өнімдер негізінен жоғарыда айтылған екі дүкен арқылы сатылымға шығарылады. Сондай- ақ базарларға, шағын дүкендерге, супермаркеттерге, химия кәсіпорындарына, Алматы мен Талдықорған қалаларына жіберіледі.
Кәсіпкер сабын шығаратын қондырғылар мен құрал-жабдықтарды Өзбекстаннан жеке қаражатына сатып әкелген.
«Беріде мемлекет тарапынан 7 миллион теңге көлеміндегі субсидияға қол жеткіздім. Оны айналым қаражаты түрінде пайдаландық», - дейді ол.
Ерланның айтуынша, іске қосылғанына үш жыл толған кәсіпорынға қажетті негізгі шикізат – мал сүйегінің, пісте мен шитті мақтаның қалдық майлары. Олар Шымкент қаласындағы зауыттардан жеткізілуде. Шағын цех күніне 1-1,5 тонна кір сабын мен жуу ұнтақтарын шығара алады.
Кәсіпкер бүгінде 5 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олар 60-100 мың теңге аралығында айлық жалақы алады. Қазірдің өзінде Бақытжан Көккөзов, Ермек Таубай сынды жұмысшылар қазақтың қара сабынын жасау ісінің қыр-сырын меңгеру арқылы өңірімізде «қарапайым заттар экономикасының» дамуына қомақты үлестерін қосуда.
Өткенімізе шолу жасасақ, бұдан басқа да патенттелмеген ұлттық өнертабыстарымыз жетіп-артылатыны сөзсіз. Оларды зерттеп, зерделеп, заман талабына сай қайта жаңғыртып, қоғамның игілігіне айналдырсақ, өндіріске енгізсек, жоғары сұранысқа ие болары күмән туғызбайды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысты жандандырып, «қара сабынды» неге қазақтың брендіне айналдырмасқа?!
Осы тұрғыдан келгенде, тараздық кәсіпкер Ерлан Сайлаубекұлы қолға алған іс әбден қолдауға тұрарлық. Ол алдағы уақытта шағын цехын үлкен зауытқа айналдыруды да ойластыруда.