Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Адамның көптеген көзқарасы мен ұстанымы отбасында тәрбиеленеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің басты мақсаты – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу, дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" РММ жетекші сарапшысы Камал Әлпейісова.
– Атауы ана атымен байланысты болған соң Аналар кеңесі деген құрылымдардың ісі де игі екеніне күмән жоқ. Елімізде олар қашан және қалай пайда болды? Бұл ұйымдардың Қазақстандағы жалпы саны көп пе? Ең алғашқы Аналар кеңесі қай жерде пайда болғаны туралы айтып бересіз бе?
– Ойыңыз дұрыс. Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекенінде жүзеге асырады. Негізінен, олардың құрылуына түрткі болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында сөйлеген сөзі. Бұл 7 жыл бұрын – 2013 жылдың 4 сәуірінде болған жай.
"Қазақстан – 2050" Стратегиясы: "Бір халық – бір ел – бір тағдыр" атты баяндамасында Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне халықтың барлық топтарының қатысуын күшейту міндетін қойды. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар әкімдеріне жыл соңына дейін барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Қоғамдық келісім кеңестерін құру туралы тапсырма берілді.
Сол кезде елімізде Қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестері құрыла бастады. Негізінде, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін аналар жиналған түрлі одақтар, кеңестер, бірлестіктер бұрын да болған. Елбасының Қоғамдық келісім кеңестерін құру жөніндегі тапсырмасы сол ұйымдардың Аналар кеңесі деген атаумен қоғамдық бірлестік ретінде ресімделуі үшін негіз болды деп ойлаймын.
Тап қазір қай өңірде ҚХА жанындағы Аналар кеңесі бірінші болып құрылғаны есімде жоқ, себебі олар елімізде аса бір ұйымшылдықпен бір мезгілде, шамамен бір-екі ай ішінде құрылған болатын. Бірден олардың қызметін бірыңғай форматқа келтіру, жұмыстарының бағытын айқындау бойынша ой-пікірлерді ортаға салып, бір арнаға тоғыстыру қажеттігі байқалды. Сөйтіп, 2014 жылғы 13-14 қарашада елордада Аналар кеңестерінің I Республикалық форумы болып өтті.
– Бұл Кеңестерге кімдер мүше болып кірді? Оған мүше болуға әйелдердің ықыласы қандай? Қазіргі кезде жалпы саны қанша болды?
– Аналар кеңестеріне мүшелікке кірем деушілерге шектеу жоқ. Қазіргі уақытта еліміздің өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс істейді. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер жанынан 105, кәсіпорындарда 33 аналар кеңесі құрылды және белсенді жұмыс істейді.
Негізінен қоғамдық жұмыстарға белсенді өмірлік ұстанымы бар адамдар көбірек атсалысады ғой. Мұнда да солай деп ойлаймын. Отбасының, бала-шағасының жағдайын жақсарту жолдарын іздеген, болашағына алаңдаған аналар Кеңес мүшелігіне алғашқылардың бірі болып өтті. Қазіргі құрамын зерделеп отырсақ, көп балалы аналар, патронат аналар бар. Мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар көптеп саналады.
Аналар кеңестері біздің ұлттық құндылықтарымыз жаңғыртылып, жас ұрпаққа берілетін өзіндік мектепке айналды. Жаһандану дәуірінде жастар сыртқы әлемге кірігуге ұмтылатындықтан басқа мәдениеттердің ерекшеліктерін жақсы түсінеді, бірақ өздерінің құндылықтарын онша жақсы біле бермейтіні жасырын жай емес. Сондықтан аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәні түсіндірілетін жобаларына қуана қатысады. Соңғы жылдары үлкендер үшін де, жастар үшін де әсіресе "Қазақтану", "Төркіндеу" сияқты жобалар тартымды болды.
Мүшелікке кіргісі келгендердің саны артып келе жатқаны қуантады. Жыл басында шамамен 11 мың адам болды.
– Әр ұйымның өзіндік мақсаттары, алдарына қойған міндеттері болады. Аналар кеңесінің көздеген мақсаты қандай?
– Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасында отбасы адам капиталының сапасына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт ретінде атап өтіледі. Шынымен да солай, отбасы – ұлттық мәдени кодтың, моральдық ұстанымдардың және отбасылық дәстүрлердің сақтаушысы. Құрамында аналар болатын барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмысы ұқсас деп ойлаймын: ең басты мәселе – жас ұпақты, болашақта еліміздің тізгінін ұстар буынды тәрбиелеу мәселесі. Аналар үшін біздің жеңістерімізді, жетістіктерімізді, ең бастысы, біздің аса зор құндылығымыз – тәуелсіздігімізді кімге табыстайтынымыз үстірт қарайтын мәселе емес.
Адамның көптеген көзқарастары мен ұстанымдары отбасында тәрбиеленетіні белгілі. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің басты мақсаты – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу. Көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, бұл – үлкен маңызға ие мәселе. Біз бала кезден басқа мәдениеттерге, басқа тілдерге құрметпен қараушылықты, өркениетті елдің талаптарын орындау қажеттігін тәрбиелеуге тиіспіз. Яғни, осылайша бала бойына басқа ұлт өкілдеріне деген достық пейілдің, мәдениетті қарым-қатынастың негіздерін қалайтын болсақ, біз толерантты тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеміз.
Ассамблея жанынан құрылған әр түрлі деңгейдегі аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстар өз алдына бір төбе.
Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастық жасайды. Аналар кеңесінің әлеуметтік жобалар жәрмеңкесінде ұсынылған көптеген қоғамдық маңызды бастамалар мен жобалар осы серіктестіктің нәтижесі болып табылады.
ҚХА Аналар кеңесінің қайырымдылық қызметін атамай кетуге болмас. Бұл, әсіресе, өткен жазда, Арыс трагедиясы күндері ерекше айқын көрінді. Жарылыстан кейін бір күн өткен соң ҚХА Аналар кеңесі "Арыс балаларына – Детям Арыси" республикалық акциясын жариялап, ол оқу жылы басталғанға дейін жалғасты.
Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және басқа облыстардың Аналар кеңестері Арыс балаларының демалысын ұйымдастыруға шешім қабылдады. Барлығын тізіп айту мүмкін емес: барлық өңірлердегі аналарымыз балаларға көмек көрсетудің бастамашылары мен белсенділері болды: олар қаражат, керекті заттар жинап, бірнеше мәрте гуманитарлық көмек жіберді.
– Аналар кеңесі жұмысының нақты нәтиже көрсеткен мысалдарын келтіре аласыз ба? Айталық, Аналар кеңесі отбасын ажырасудан сақтап қалғаны, әйтпесе басқа бір мысал келтірсеңіз.
– Аналар кеңесінің мүшелері өз ұйымдарының түпкі мақсаты қазақстандық қоғамда отбасылық құндылықтарды сақтау, дамыту және нығайту екенін жақсы біледі. Бұл – үлкен рухани-адамгершілік, мәдени және тәрбиелік мәні бар жұмыс.
Іс жүзінде барлық өңірлік кеңестер ерлі-зайыптылардың ажырасуының алдын алуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталған жұмыстарды жүргізеді. Мұндай жұмыстың өте жақсы, нәтижелі мысалдары да баршылық. Алматы облысында "Ана медиатор" жобасы жүзеге асырылуда. Күзде өткен Республикалық аналар форумында олар осы жобаның нәтижесінде 2 жыл ішінде 1000-нан астам бала тәрбиеленіп жатқан 500-ге жуық отбасы сақталғанын мақтанышпен мәлімдеді.
Ал 2018-2019 жылдары "Ақ отауға ақ бата" жобасы аясында ұлттық дәстүрлерге сәйкес үйлену тойлары өткізілді. Бас құраған 50-ден астам отбасы аналардың тікелей қамқорлығына алынды. Енді аналар алғашқы жылдары осы отбасыларды рухани сүйемелдеп, кеңес беріп, ақыл айтып, дағдарыстық жағдайларда қолдау көрсетеді. Біз мұндай жұмыс өңірдегі ажырасудың азаюына ықпал етеді деп үміттенеміз. Қазір бұл тәжірибе облыс бойынша таратылауда.
Өткен форумда аналар тағы бір маңызды мәселеге ерекше тоқталды: олар өз жұмыстарында ұлдарға тиісті тәрбие беру ісін күшейту керектігіне назар аударды. Шындығында да біздің бәріміз жабылып, қыздарды тәрбиелеуге кіріскеніміз құпия емес, ал болашақ ер адамды тәрбиелеу назардан тыс қалып келді. Содан кейін: бізде ажырасудың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың деңгейі қалай көбейіп кеткен? - деп таң қаламыз.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың "батырлары" қайдан шығады? Неге жыл сайын ажырасу саны артып келеді? Жас жігіттер арасындағы масылдық көрсеткішінің өсу себебі қандай? – осының бәрі жас ұрпақпен жұмыс істеуде жіберілген кемшіліктердің салдары. Форум қатысушылары Аналар кеңестерінің тек қыздарға ғана емес, сонымен қатар болашақ әкелер мен отбасы басшыларына да көңіл бөлулері керектігін атап өтті. Ұлдарды тәрбиелеу ісі жақсы әкелердің өнегелерін насихаттаумен ұштастырыла жүргізілуі керек.
– Қазір елімізде төтенше жағдай жарияланды. Көп жұмыстар тоқтап тұр. Аналар мұндай жағдайда не істеп жатыр?
– Елде төтенше жағдайдың енгізілуі – бұл бұрын-соңды болмаған жағдай, бүкіл халық үшін үлкен сынақ. Мемлекет басшысынан бастап барлық мемлекеттік органдар қазір төтенше режимде жұмыс істеп, бұл індеттен барынша аз шығынмен шығу үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалып жатыр. Енді бәрі де әр адамның саналылығына: өзімізді қалай ұстайтынымызға; тиісті нұсқаулықтарды орындауымызға, карантин кезінде тәртіп сақтауымызға байланысты.
Алғашқыда адамдардың сасқалақтап, абыржып қалғаны рас. Дәріханаларда маскалар жоқ деп, ашу шақырғандар да болды. Міне, осы кезде біздің белсенділеріміз, аналар кеңесінің мүшелері жергілікті теле, радио арналар арқылы сөйлеп, әлеуметтік желілерде посттар жазып, сабырға шақырды.
Алматы облысы Алакөл ауданының Аналар кеңесінің мүшелері округтік аналар кеңестеріне үндеу жариялап, маскаларды өздеріміз тігейік деген бастама көтерді. Бірден жедел топтар құрылып, маскалар тігіле бастады. Олар өз өнімдерін ауыл тұрғындарына тегін таратты. Алакөл аудандық Аналар кеңесінің бастамасы бүкіл облысқа тарады.
Осыған ұқсас ақпараттар барлық өңірлердегі көптеген басқа да аналар кеңестерінен келіп түсті.
Ақтөбе облыстық Аналар кеңесінің мүшелері "Бірлік" еріктілер тобымен бірге халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсете бастады: азық-түлік, дәрі-дәрмек, 200-ге жуық маскалар ардагерлерге, тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға таратылды. Облыстық "Қоғамдық келісім" КММ арнайы автобус беріп, бұл неғұрлым көп адамды қамтуға септігін тигізді. Облыстық Аналар кеңесі жанындағы "Құрақ көрпе", "Аялы алақан" сияқты әйелдер клубтарының мүшелері де игі істерден тыс қалған жоқ.
Шалқар аудандық аналар кеңесі "Біз біргеміз!" акциясы аясында 300 маска тігіп, таратты, тұрмысы нашар отбасыларға құны 100 мың теңгелік азық-түлік жеткізілді.
Сондай-ақ, Жамбыл облысының аналар кеңесі үйде отырып, 500 дана маска тігіп, оны еріктілер арқылы тегін таратуды ұйымдастырды. Тұрғындардың тиісті санатына ҚХА-ның "Жаңғыру жолы" қозғалысына қатысушылардың көмегімен азық-түлік жиынтығы мен дезинфекция жасайтын сұйықтықтар жеткізілді. Мұқтаж адамдар хабарласуы үшін "Қоғамдық келісім" КММ жанынан жедел байланыс телефоны орнатылды.
Осыдан сәл ғана уақыт бұрын Солтүстік Қазақстан облысынан хабар келіп түсті. Онда этномәдени орталықтар мен Аналар кеңесінің мүшелері Петропавл қаласы ауруханасының медицина қызметкерлері үшін обаға қарсы киімдерді сатып алғанын хабарлады. Облыс көлемінде Аналар кеңесінің мүшелері көп балалы отбасылар мен жағдайы төмен азаматтарды қолдау мақсатында "әлеуметтік маскаларды" тігуге кірісіпті.
Павлодар облысы Ақсу қаласы Аналар кеңесінің төрағасы Рымкеш Сламбекова бір өзі 100 дана маска тіккен. Енді аналар кеңесінің мүшелері Достық үйінің базасында көп реттік маскалар тігетін болады. Және бүкіл ел бойынша мұндай мысалдар өте көп. Бұл – құптарлық жағдай. Біз бірлігімізбен күштіміз. Biz birgemiz!