Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған жұмыс бөлмелерін аралап көрді. Қазақстанның Тұңғыш президенті қаладағы жаңа нысандардың құрылыс қарқыны жоғары екенін атап өтті. Бұл туралы Elbasy.kz сайты хабарлады.
- Шымкент миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Осыған орай біз жеке Түркістан облысын құрдық. Бұл көптен бері ойымда жүрген еді. Осылайша біз үлкен құрылыс бастадық. Мұның бәрі астанамыздың құрылысын еске түсіреді. Енді еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келеді. Осының барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік БАҚ өкілдеріне.
Сонымен қатар, Елбасы жаңа музыка мектебіне барды.
Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірде өнер мен мәдениет саласын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді.
Балалар шығармашылық ұжымдары Қазақстанның Тұңғыш президентіне бірнеше музыкалық қойылым көрсетті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Халыққа қызмет көрсету орталығына барды.
Қазақстанның Тұңғыш президенті халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің автоматтандырылған процесімен танысты.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа "бір терезе" қағидасы бойынша қызмет көрсету үшін ыңғайлы және сапалы жағдай жасау бойынша қабылданған шаралар жөнінде ақпарат берілді.