Қорғаныс министрі Арыс тұрғындарының үйлеріне қашан орала алатынын айтты

24 Маусым 2019, 19:17
3060
Бөлісу:
Қорғаныс министрі Арыс тұрғындарының үйлеріне қашан орала алатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласының тұрғындарынан жедел штабтың шешімі шыққанша үйлеріне оралмауын сұрады. Себебі әлі де қала аумағыда оқ-дәрілер, жарылғыш заттар болуы мүмкін.

Министр ең алдымен қаза тапқан адамның жақын туыстарына және жарақат алғандарға көңіл айтты.

«Бүгін Арыс қаласындағы әскери арсеналда қоймалардың бірінде өрт болып, одан жарылыс орын алды. Жарылыстың ықпалы осындай басқа қоймаларға жалғасты, сондықтан бірнеше қоймалар жарылып кетті. Қазір әкімшілік пен Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет іс-әрекеттерінің арқасында елдімекендердегі тұрғындардың бәрі шығарылды», - деді Қорғаныс министрі брифингте.

Ол төтенше жағдайға орай бірнеше мәселеге тоқталып өтті.

«Біріншіден, осы арсеналда қуатты қауіпті авиациялық оқ-дәрілер, бомбалар сақталмаған. Негізгі соққының толқыны далалық жерге кетті. Соққының бір бөлігі елдімекендерге де әсер етті. Соққы толқындарынан үйлердің шатырлары, терезелері зақымданды. Арыс қаласының тұрғындарына айтарым, сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін жедел штабтың шешімі шыққанша жақын арада тұрғылықты жерлеріңізге оралмауыңызды сұраймын», - деп айтты Ермекбаев.

Министрдің сөзінше, Арыс қаласының, кейбір аудандардың жолдарында әлі жарылмаған оқ-дәрілер болуы мүмкін. Қазір саперлер тобы оқ-дәрілерден тазарту жұмыстарын бастап кетті.

«Осы жұмыс қалай аяқталады барлық тұрғындар үйлеріне орала алады. Қазір барлық үйлер, кварталдар полиция мен әскери қызметшілер қарауында. Сол себепті мүліктеріңізге алаңдамасаңыздар болады. Тонау фактілері болмайды», - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы