«Нұрлы жер» аясындағы үйлердің құрылысы басталды

21 Маусым 2019, 17:15
1814
Бөлісу:
«Нұрлы жер» аясындағы үйлердің құрылысы басталды

Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ. Бүгін Қызылордада Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 40 пәтерлі үйдің іргетасы қаланды, бұл сол жағалауда салынатын 3 жаңа шағынауданның алғашқы көпқабатты үйі, деп мәлімдейді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. 

«Бүгін біз сол жағалаудағы жаңа үш шағын ауданның алғашқы үйін салуға кірісудеміз. Бұған дейін салынған шағын ауданның 70 пайызға жуық пәтер иесі қоныстанып үлгерді, жыл соңына дейін мұнда 2466 пәтерлік 53 үй салынады. Жалпы соңғы 6 жылда аймақта 361 көп қабатты үй немесе 7000 пәтер салынды. Оның ішінде 600 астам пәтерді бұрынғы апатты үйлердің тұрғындары алды. Қызылорда облысы – апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесін толық шешкен Қазақстандағы бірден-бір аймақ», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. 

Қызылорда облысында жыл сайын құрылыс жұмыстарының көлемі артып келеді. 

«Соңғы 5 жылың өзінде облыс орталығында 4 мың пәтерлік 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілді. Бұл - қызылордалықтардың әл-ауқатының өсіп жатқанының дәлелі. Алдағы уақытта республикалық бюджет есебінен 320 орындық балабақша мен 600 орындық мектеп және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 орындық емхана салу жоспарлануда», - деді аймақ басшысы. 

Естеріңізге сала кетейік, Қызылорданың сол жағалауындағы құрылыс 2016 жылы басталған еді. Өткен жылы сол жағалаудағы жаңа қалада жеке инвесторлар қаражаты есебінен салынған 14 көпқабатты тұрғын үй, сондай – ақ «Рухани жаңғыру» орталығы мен 320 орындық балабақша пайдалануға берілді. Ал 2019 жылы «Болашақ» университеті кампусы мен Жастар орталығының құрылысы аяқталды. 

Соңғы 6 жылда өңірде 3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс орталығында 2013-2018 жылдары 15 жаңа шағын аудан салынған.

Өзгелердің жаңалығы