СІМ басшысы ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысты

3 Желтоқсан 2021, 22:21
1242
Бөлісу:
СІМ басшысы ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ЕҚЫҰ СІМК) 28-отырысына қатысты.

Іс-шараны ашу барысында ЕҚЫҰ Іс басындағы төрайымы, Швецияның Сыртқы істер министрі Анн Линде пандемиямен және Ұйым аймағының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін басқа да сын-қатерлерге байланысты барлық қиындықтарға қарамастан, өз елінің ағымдағы жылғы төрағалығын қорытындылады. ЕҚЫҰ-ға 57 қатысушы мемлекеттен келген өкілдері, сондай-ақ ынтымақтастық жөніндегі серіктестер және басқа да халықаралық ұйымдардың аға лауазымды тұлғаларына арнаған сөзінде А.Линде Стокгольмдағы кездесу ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы сенімді қалпына келтіру және ынтымақтастықты нығайту үшін жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өз баяндамасында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид Ұйымның қауіпсіздікке жан-жақты қарауға теріс әсер ететін көптеген проблемаларды шешудегі маңызды рөлі туралы атап өтті. Оның айтуынша, Ауғанстандағы қазіргі жағдай Орталық Азия елдеріне ғана емес, бүкіл ЕҚЫҰ өңіріне де кері әсерін тигізуде. Бұл тұрғыда Ұйым өз мандаты аясында үйлестірілген іс-әрекеттерде маңызды рөл атқара алады.

Отырыс барысында министрлер Швецияның төрағалығымен өткен Ұйымның ағымдағы жылғы жұмысын қорытындылап, COVID-19 пандемиясына байланысты әлемдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы жағдайында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Министр М.Тілеуберді ЕҚЫҰ СІМК пленарлық отырысында және Ұйымның рөлі мен тиімділігіне, Ауғанстандағы жағдайды талқылауға, адами өлшемнің күн тәртібін ілгерілетуге арналған бірқатар тақырыптық кездесулерде сөз сөйледі.

Министр өз сөзінде 2010 жылғы Астана декларациясында бекітілген мақсаттар мен міндеттердің, әсіресе жалпы және бөлінбейтін еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын құру бөлігіндегі өзектілігін атап өтті. Осы тұрғыда ол ЕҚЫҰ кеңістігіндегі дағдарыстық жағдайларды реттеу үшін Ұйымның маңызды келіссөздер алаңы ретіндегі рөлін атап өтіп, елдерді диалогты нығайту және сенім шараларын қалпына келтіру бойынша ортақ пайымды қалыптастыруда күш-жігерді біріктіруге шақырды.

Іс-шара аясында Министр М.Тілеуберді Грекия, Норвегия, Андорра, Швеция, Мажарстан, Сербия, Армения СІМ басшыларымен, сондай-ақ ЕҚЫҰ Бас хатшысымен, НАТО Бас хатшысының орынбасарымен және басқалармен бірқатар бөлек келіссөздер жүргізді. Армян әріптесімен кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы 2022-2023 жылдарға арналған сімаралық ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Швед төрағалығының шақыруымен М.Тілеуберді «ЕҚЫҰ-ның демократия, адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы міндеттемелерінің орындалуын нығайту» атты сайд-ивентте спикер ретінде сөз сөйледі. Министр қатысушыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясындағы Қазақстанның жұмысы мен жетістіктері туралы хабардар етті. 

Іс-шараға сондай-ақ Польшаның Сыртқы істер министрі Збигнев Рау 2022 жылы ЕҚЫҰ-ның келесі Іс басындағы төрағасы ретінде қатысты.

Өзгелердің жаңалығы