Қызайбай VS Лукас. Екі спортшының дауы неден басталды?

24 Қыркүйек 2021, 12:35
14220
Бөлісу:
Қызайбай VS Лукас. Екі спортшының дауы неден басталды?
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Екі қазақстандық спортшы Назым Қызайбай мен Ангелина Лукастың арасында желідегі ашық дау бір айға жуық уақытқа созылды. Дау неден туындағанын шолып беруді жөн көрдік.

   Даудың басы

Наурыз айында бокстан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Ангелина Лукас шетелдік турнирларындағы жеңісі үшін Қызайбай оны айыптайтынын айтқан еді.

Ал 4 қыркүйек күні Ангелина Лукас ел басшылығына Бокс федерациясында болып жатқан былықты тоқтатуға қатысты үндеу жасайды.

Үндеуді спортшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевтің атына жолдайды.

Лукас осы тұлғаларға Бокс федерациясында болып жатқан оқиғаларды тереңінен зерттеуді ұсынады.

Мен оларға тыңғылықты зерттеу жүргізуді ұсындым. Себебі маған қарсы жалған шабуыл болып жатыр. Бокс федерациясының атқарушы директоры Мықтыбековке хабарласып, Қызайбай допинг қолданатынын айттым. Ол оған мән бермеді. Жиналыста да айтқым келіп еді. Бірақ онда ешбір дәлелсіз менің ар-намысыма тиетін айыптау сөздер айтылды. Қорытындысында мені Ұлттық құрамадан қанша уақытқа екенін белгісіз шеттетіп тастады, - деп жазды Ангелина Лукас.
Оның айтуынша, Қызайбайдың қысымымен көп қыз оған қарсы жалған петицияға қол қойған.
Мен шеберлік тұрғысынан біраз шыңдалып, өз Отаным үшін халықаралық беделді туринирларда жеңіске жеттім. Бұл көбіне ұнамаған тәрізді. Назым Қызайбай соңғы айлары БАҚ-та мен үшін Олимпиадаға бармай қалғанын айтып жүр. Жауапкершілікті маған артып қойғаны өте күлкілі дүние. Менің оған еш қатысым жоқ, - деді Лукас.
Спортшы айтқандай, Қызайбай тарапынан оған деген шабуыл бірнеше жылға созылған.
Мен 2013, 2014, 2015 жылдардағы бокстан Қазақстан чемпионымын. 2016 жылы әйелдер құрамасына ауыстым. Ересек боксқа ауысқан кезде мен Қызайбай мен оның серіктері тарапынан үнемі шабуылға ұшырайтынмын. Менің жеке бапкеріме де оңай болған жоқ, - деді Лукас.
15 қыркүйекте спорт Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтқан үндеуін жариялайды.
Менің үндеуім бойынша қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша нақты шешім қабылданады, - деді ол.
Бірақ спортшы Назым Қызайбай мен оның жақтастары тарапынан қысым мен шабуыл әлі де толастамағанын жеткізді.

Осы үндеуінен кейін екі күн өткен соң Ангеелина Лукас Ұлттық құрамаға қайта оралуына қатысты жаңалықты сүйіншілейді.

Менің үндеуім бойынша зерттеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданды. Осы орайда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға алғыс айтқым келеді. Мені қолдаған барша қауымға алғыс айтамын, - деді Лукас.

   Назымның назы

Бокстан Қазақстанның 10 дүркін, Әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай бізге берген осыған дейінгі эксклюзивті сұхбатында Токио Олимпиадасына не себепті бармағанын айтқан еді. 

 Лукас байбалам салып, бірқатар үндеуді жарияласа да, Назым Қызайбай бұл жағдайға қатысты біраз үнсіз болды.

Тек 15 қыркүйекте өзінің атына айтылған айыптауларға қатысты видеоүндеу жасады. Ол жанкүйерлері мен оқырманын жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. 

Ангелина Лукас пен оның бапкері мен туралы жалған ақпарат таратып жатыр. Менің ар-намысымды қорлап, абыройыма кір келтіретін дүниелер жасап жатыр. Соңғы оқу-жаттығу жиынында олар менің бөлмемнің алдына белгісіз бір затты септі. Оны неше түрлі нәрсемен ақтап, өзімді кінәлады. Бірақ интернетте барлығы көрсетілген, тұр. Менің ойымша, олар таза жолмен абырой жинамағаннан кейін, осындай қылықтарға барып жатыр деп ойлаймын, - деді ол. 
Қызайбай жиналыста жеке бапкері мен қалғандарына осы видеоны көрсеткенін айтты.
Бұған дейін де менің жеке өміріме араласып, менің атыма кір келтіріп, жалған ақпарат таратты. Карантин кезінде мені базадан қашып шықты деді. Одан кейін шетелде жүрген кезімізде де жанымыздағы қыздар туралы жалған ақпарат таратып, базадан қашып шығып, індет жұқтырды деді. Осы жағдайдың басын ашсам, біз шетелден қайтар кезде ПТР-сынама тапсырдық. Оның нәтижесі бойынша бас бапкер мен оның көмекшесі және тағы бір қыздан оң нәтиже шықты. Біз 10 күн карантинде жаттық. Оны біз базадан қашып шығып, кейін карантинде жатты деп ақпарат таратқан. Біз оны олар таратқанын білеміз. Тек интернет желісінеде ғана емес, басшылыққа да жалған дүние айтқан. Бұл 2 жыл жалғасып келеді. Мен оны ешкімге айтып немесе БАҚ-қа жариялатып жүрген жоқпын, - деді Қызайбай.

Назым Қызайбай басында оларға мән бермегенін, бірақ кейін олар шектен шығып бара жатқанын көріп, петиция жариялағанын айтты.

Қыздар да ондай адамның біздің құрамада болуына қарсы болды. Өтініш жазып, оқу-жаттығу жиынына қатысқан 22 адам шағымға қол қойды. Бұл шағымға қол қою үшін Назым командаластарын қорқытты деген жалған ақпарат таратты. Бірақ мен ешкімді қинаған жоқпын, ешкімге қысым жасаған жоқпын. Олардың барлығы өз еркімен құрамадан ондай адамды шеттетуді талап етті, - деді Назым Қызайбай.
Сондай-ақ видеода петицияға қол қойған қыздар өз еркімен осындай қалдамға барғанын айтқан.

Бокстан спорт шебері Жайна Шекербекова командаластары арасында болып жатқан мәселеге қатысты өз пікірін айтты.

Мені ешкім мәжбүрлеп қол қойдырған жоқ. Соңғы үш жылдың ішінде спорт этикасына жатпайтын келеңсіз жағдайлар Ангелина Лукастың тарапынан жасалды. Федерация мен ҰОК-тың дұрыс шешім қабылдап, бірлік пен шынайы бәселкестікті орнатуын сұраймыз, - деді спортшы.

   Министрліктің межесі

Ангелина Лукастың үндеуінде айтылған әйелдер арасындағы бокстан ұлттық құрамадағы жағдайды қарау, қызметтік тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құрылған.

 Мәдениет және спорт министрлігі хабарлағандай, арнайы комиссия тараптардың барлық материалымен таныса келе: Қазақстан бокс федерациясы Ұлттық Олимпиада комитетімен берлесіп, спорт этикасын бұзғаны үшін екі боксшы – Назым Қызайбай мен Ангелина Лукасты уақытша шеттету мәселесін қарастыру туралы ұсыныс жасады. 

Сонымен қатар спорттық тәртіпті бұзу фактілері бойынша объективті тергеу жүргізілсін және 20 қыркүйекке дейін Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне ұлттық команданың бәсекеге қабілетті құрамын жасақтау, дәлелді шешім енгізу қажет, - делінген хабарламада.
Әйелдер құрамасы бас бапкерінің рапортына сәйкес, допингке қарсы ұлттық орталықтың мамандарын тарта отырып, құрама команда мүшелерінің допинг (тыйым салынған препараттар) қолдану мүмкіндігіне тексеру жүргізу.

Сонымен қатар командадағы психологиялық ахуалды жақсарту, жанжалға жол бермеу үшін психологтарды, медиаторларды тарта отырып жұмыс жүргізуді ұсыну ұсынылды.

Екіншіден, Ұлттық Олимпиада комитетіне биыл 2 ақпанда қабылданған №524/21-НСК еңбек шартының 5.3.18, 5.3.19 және 5.3.28-тармақтарын бұзғаны үшін Ангелина Лукасты тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарастыру жөнінде шешім қабылдау үшін ұсыныс жасады.

Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта осындай келеңсіз жағдайға жол бермеу үшін барлық федерацияға командадағы тәрбиелік жұмысты күшейту бойынша хат жолдады.

Сондай-ақ бас бапкер Ерік Алғабектің ұлттық құрамадағы әлсіз бақылауын атап өту керек. Бұл командадағы спорттық тәртіпті жүйелі түрде бұзуға алып келді.

  

Өзгелердің жаңалығы