Астанада Бахрейн Корольдігінің мектебі ашылды

28 Қыркүйек 2021, 22:57
19521
Бөлісу:
Астанада Бахрейн Корольдігінің мектебі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада қала басшылығының қолдауымен Бахрейн Корольдігімен бірлесіп салынған №91 мектеп-гимназиясының ресми ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Анатолий Храпатый көшесінде орналасқан жаңа мектеп 1200 оқушыға арналған.

Оқу орнының ресми ашылу салтанатына елорда әкімінің орынбасары Асхат Оралов және еліміздің Корольдік гуманитарлық қорының Бас хатшысы, доктор Мұстафа әл-Саид бастаған Бахрейн Корольдігінің делегациясы қатысты.

Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтудеміз. Мерейтой қарсаңында елордада үлкен және ауқымды мектептің құрылысы аяқталып, оқу процесі басталды. Оқушылар мен педагогтарды дәстүрлі форматта оқу жылының басталуымен құттықтаймыз. Пандемияға байланысты оқушылар 1,5 жылдан астам уақыт қашықтан оқуға мәжбүр болды. Қазір оқушылардың жоғары деңгейде білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Біз әрқашан осындай идеялар мен әлеуметтік жобаларды қолдауға дайынбыз. Болашақта бауырлас елдермен осындай жобаларды одан әрі жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, - деді Асхат Оралов.

Өз кезегінде Мұстафа әл-Саид қала тұрғындарын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, еліміздің қарқынды дамуы мен жетістіктеріне таңданысын білдірді.

Дәл қазір осындай керемет жерде болғаныма және Бахрейн Корольдігінің атынан қатысқаныма өте қуаныштымын және мақтанамын. Осы мектептің ашылуына қатысқандардың бәріне, қала әкімдігіне алғыс айтқым келеді, өйткені біз бұл мектептің Қазақстандағы, сондай-ақ Азиядағы ең үздік және әдемі мектептердің бірі болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Мектепте араб тілін үйренуге арналған мұражай мен кабинет бар. Мұнда еліміздің мәдениеті мен дәстүрлері туралы білуге болады. Бұл мектеп мәдениет пен ғылымның орталығы болып есептеледі. Қазақстан мен Бахрейн Корольдігінің арасындағы байланыс өте күшті, - деп атап өтті Бахрейн Корольдігінің Корольдік гуманитарлық қорының Бас хатшысы.

Жаңа мектеп ғимаратында 62 кабинет және 11 зертхана бар. Мұнда еңбек кабинеттері, қыш шеберханасы, 418 орындық асхана, спорт және акт залдары, коворкинг аймағы, лингвистикалық кабинеттер және т.б. бар.

Мектептің оқу тілі – қазақ және орыс. Оқу орны көптілділік принципі бойынша жұмыс істейді. Мұнда негізгі оқыту тілдерінен бөлек араб, француз және неміс тілдері де оқытылады.

Ғимараттың үшінші қабатында 5 елдің – Қазақстан, Бахрейн Корольдігі, Ұлыбритания, Франция, Германия мәдениетін дәріптейтін мектеп мұражайы орналасқан. Осы мұражайда балалар көптілділік дағдыларын дамытады, полиглоттар клубы жұмыс істейді.

Сонымен қатар, мектеп кітапханасында 5 елдің көркем әдебиетін табуға болады.

Оқушыларымыздың араб, ағылшын, неміс, француз сияқты шет тілдерін қосымша оқуына мүмкіндігі бар. Біздің көптілділік тұжырымдамамыздың негізінде мектептің дизайны да рәсімделген. Бірінші қабат Қазақ хандығы стиліне безендірілген, екінші қабат – Бахрейн Корольдігі, үшінші қабат – француз тілі, төртінші қабат – неміс тілі. Мақсатымыз – балалардың толерантты болуы және шетелде оқу мүмкіндігіне ие болуы, сол сияқты басқа елдердің мәдениетіне деген сүйіспеншілігін дамыту. Бірақ өскелең ұрпақтың өз елінің патриоты болуына баса көңіл бөлінеді. Мектеп оқу үрдісіне қажетті барлық заттармен толық жабдықталған, ұлдар мен қыздарға арналған көркем еңбек кабинеттері бар. Оның ішінде – тігін шеберханасы, аспаздық дағдыларды игеруге арналған ас үй, станоктары бар металл және ағаш өңдеу шеберханасы, қыш және т.б. бар, - деп хабарлады №91 мектеп-гимназиясы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Ахметова.

Қазір мектепте 1 370 бала оқиды. Оқыту – тегін.

2021 жылы Нұр-Сұлтанда барлығы 15 мектеп пайдалануға беріледі, бұл 40 мыңнан астам оқушы орнын құрайды. Олардың көпшілігі ашылды.

Өзгелердің жаңалығы