Қатарда жүрген қазақстандық туристер өңірдегі жағдайдың ушығуына байланысты таңертең әуе дабылының сиренасын естіді. Бұл туралы қазіргі уақытта Қатарда жүрген «Туристік Қамқор» қорының төрайымы Инна Рей мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, таңертең туристерге қауіпсіздік шаралары жөнінде алдын ала ескертіліп, сақ болу сұралған.
Бүгін таңертең дабыл сиренасы қосылды. Барлығын алдын ала ескертіп, ғимараттардан алыс кетпеуді және терезелерге жақындамауды сұрады. Қонақүйлерде терезелер жабылып, перделер тартылған, қызметкерлер қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалап отыр, - деді Рей.
Ол туристер қонақүй қызметкерлерінің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
Қонақүйлердің орналастыру қызметі туристердің жағдайын, көңіл күйін үнемі сұрап-біліп отыр. Қажет көмек бар-жоғын анықтап, адамдар өзін сабырлы сезінуі үшін кейде шағын ілтипаттар да жасап жатыр, - деді ол.
Сонымен қатар, Рейдің сөзінше, адамдардың эмоционалдық жағдайы әлі де алаңдаулы күйде.
Әрине, көпшіліктің көңіл күйі түсіңкі. Бір жағынан, демалыс жоспарлары бұзылды, екінші жағынан, Катар бағытына ұшырылған зымырандардың қалай атып түсіріліп жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Бұл көз алдымызда болып жатқан жағдай, әрине, адамдарға тыныштық сыйламайды, - деді қор төрайымы.
Сонымен бірге ол қазақстандық туристердің ұйымдасқан қолдауға ие екенін ерекше атап өтті.
Біздің елдің туристері ұйымдасқан қолдау аясында. Оларды туроператорлар сүйемелдеп отыр, кепілдік беру жүйесі жұмыс істейді. Сондықтан адамдар жағдаймен жалғыз қалмайды, - деп қосты Рей.
Оның айтуынша, шиеленісті ахуалға қарамастан, туристер қонақүйлерде қалып, әуе қатынасына қатысты алдағы шешімдерді күтіп отыр.
Бұған дейін де отандасымыз Қатардағы қазіргі жағдай туралы баяндап берген болатын. Қазақстандық турист Заңғар Серікұлы отбасымен және достарымен бірге 26 ақпан күні Астана қаласынан чартерлік рейспен, Air Astana әуе компаниясының ұшағымен Қатарға келген. Демалыс сапары күтпеген жағдайда аймақтағы әскери шиеленіс кезеңімен тұспа-тұс келіп, олар оқиға куәгеріне айналды. BAQ.KZ тілшісі отандасымызбен байланысып, жағдайды білді.
Белгілі болғандай, Араб елдерінен 4 мыңға жуық қазақстандық елге қайта алмай жатыр. Бұл жайлы «Туристік Қамқор» қорының директоры Асылхан Есілов мәлімдеді.
Ал қазақстандық Kaspi.kz банкі Таяу Шығыс елдерінде жүрген клиенттеріне қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді.