Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Зорлықпен өлтіру, кепілге алу: Ақтөбеде ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

4 Шілде 2025, 02:33
1151
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде екі адамды өлтіріп, біреуін кепілге алған 38 жастағы ер адамға сот ең жоғарғы жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Бұл туралы BAQ.KZ Диапазон басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қылмыс биылғы 13 қаңтарда Ақтөбедегі жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Іс материалдарына сәйкес, ер адам бұрын таныс болған әйелге үйленгісі келіп, ұсынысына жауап ала алмаған. Сол күні ол әйел тұрып жатқан үйдің ауласына заңсыз кіріп, зейнет жасындағы анасы мен өгей әкесіне шабуыл жасаған.

Алдымен қаскөй әйелдің анасына 20-дан астам пышақ жарақатын салып, денесін жертөлеге лақтырған. Көп ұзамай қызы не болып жатқанын байқап, сыртқа шыққанда жазғы ас үйдің есігінде тұрған ер адам оны ұстап алып, байлап тастаған. Артынша үйге келіп қалған өгей әкеге де балта мен жұдырықпен шабуыл жасаған. Екінші құрбаны да жертөлеге тасталды. Үйден хабар болмаған соң туыстары алаңдап, полиция шақырған. Құқық қорғаушылар келген сәтте ер адам үйде баррикада орнатып, әйелді кепілге алып, талаптар қоя бастаған. Бастапқыда ол ақша сұраса, кейіннен әйелді босатудан бас тартқан. Үш сағатқа созылған келіссөздер нәтиже бермей, арнайы жасақ үйге шабуыл жасап, күдіктіні ұстады, - делінген басылымда.

Жәбірленуші ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Алайда оның анасы жолда көз жұмса, өгей әкесі ауруханада қайтыс болды. Сараптама олардың өліміне ауыр жарақат себеп болғанын растады.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындамаған. Ол тек әйелдің анасын өлтіргенін мойындап, өгей әкенің өліміне қаза тапқан әйелдің қызы жауапты деп көрсетуге тырысқан. Алайда сот мұндай уәждерді негізсіз деп тауып, Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпты деп таныды:

  • ҚК 99-бабы, 2-бөлігі – екі немесе одан да көп адамды өлтіру,
  • ҚК 126-бабы, 2-бөлігі – адамды заңсыз бас бостандығынан айыру,
  • ҚК 107-бабы, 1-бөлігі – денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру.

Сот үкімі бойынша, сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол жәбірленушілерге:

  • 7,3 миллион теңге материалдық шығын,
  • 20 миллион теңге моральдық өтемақы,
  • 500 мың теңге сот шығындарын өтеуге міндеттелді.

Қаулы заңды күшіне енді.

Өзгелердің жаңалығы