Қазақстанда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған көмек кабинеттері ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еліміз бойынша зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған мамандандырылған көмек кабинеттері ашылады. Бұл кабинеттерде кәмелетке толмағандарға «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қолдау көрсетіледі. Балаға қолайлы ортада алғашқы психологиялық көмектен бастап сот-медициналық сараптамадан өтуге және бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама жүргізуге дейінгі барлық қажетті қызметтер бір жерде көрсетіледі. Бұл оның көптеген ұйымдарға бару қажеттілігін жойып, психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алуына жол бермейді, - деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Аталған жаңашылдық 2025 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген.
Айта кетейік, норма 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енеді. Жақын арада кабинеттердің қызмет қағидалары бекітіліп, содан кейін өңірлерде оларды кезең-кезеңімен ашу жоспарлануда.
Сонымен қатар заң аясында зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған немесе оның куәсі болған кәмелетке толмағандарды анықтау және оларға көмек көрсету қағидалары әзірленді. Құжат осындай балаларды анықтау тәртібін, оларға көмек көрсету тетіктерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, 111 байланыс орталығының, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен өңірлік уәкілдердің өзара іс-қимыл алгоритмдерін айқындайды. Бұл ведомствоаралық жедел әрекет етуге және балаларға уақтылы кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік бермек, - делінген хабарламада.