Белсенді әке, ұстаз Ғалымбек Бермағанбетов қоғамда зорлық-зомбылықты азайту үшін не істеу керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Зорлық-зомбылықты көбіне білімсіздіктен жасайды. Сол себепті бұл мәселе отбасыға қатысты болғандықтан ең алдымен азаматтар шаңырақ құрған кезде қандай мақсатпен және санамен құрғанына үңілу керек. Адамды құрметтеп, өмірлік серігі ретінде оған адам ретінде қарау дұрыс. Ең алдымен осыған үңілу керек. Адамның зорлық-зомбылықты не үшін жасағаны сол кезде белгілі болады. Егер ашуын басқара алмайтын, жауапкершілігін білмейтін, жұбайы мен балаларын тыңдау керек сияқты принциптерді білмесе, онда осы бағытта ағартушылық жұмыстарын жүргізу қажет, - деді шымкенттік белсенді әке.
Ол зорлық-зомбылыққа баратын адамның санасын оятып, білім беру керегін қоса кетті. Білімді болған кезде, зомбылық азаятынын айтты.
Зорлық-зомбылық болған жағдайда бірден кінәлауға дайын тұрамыз. Бірақ кінәлаумен де, жазалаумен де мәселе шешілмейді. Ағартушылықпен, ой-өрісін дамытумен шешіледі. Насихаттау жұмыстарын жүргізіп, қоғамда тренд, вайб қалыптастыру қажет. Осы бағытты жұмыс жүргізілсе, зорлық-зомбылық азаяр еді, - деді ол.