Зорлық-зомбылық. 1 шілдеден бастап не өзгереді

23 Мамыр 2023, 15:11
1507
Бөлісу:
Зорлық-зомбылық. 1 шілдеден бастап не өзгереді
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазіргі кезде отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жиі тіркеліп отыр. Зорлық көрген адам не істеу керек, қайда хабарласуы керек? Осы және өзге де сауалдарға Астана қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова пікір білдірген еді деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

  • Биыл Астана қаласы бойынша қанша зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелді?

Жалпы 102 каналына 5 мыңнан аса қоңырау келіп түсті. Осы 5 мыңның ішінде 3200-не қорғау нұсқамасы шығарылды. Ал 1500 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

  • Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған кімге хабарласу керек?

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған адам ең бірінші 102 каналына хабарласуы керек. Республикалық жедел сенім телефондары бар, соларға хабарласуға болады. Олар 150, 111 бұлар 24\7 принципі бойынша жұмыс істейді. Кез келген адам бұл жерге хабарласу арқылы анонимді немесе ашық түрде кеңес, ақпарат ала алады. Одан басқа бізде Астана қаласында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің сенім телефондары бар. 

Сонымен қатар «Үміт» дағдарыс орталығының сенім телефоны бар бұл 24/7 режимінде жұмыс істейді. Бұдан басқа әлеуметтік желі арқылы шығуға болады. Біздің ресми парақшаларымызға жазса да көмек ала алады.

Play Маркет және App Store арқылы SOS деген мобильдік қосымшаны жүктеп алса өте ыңғайлы. Кез келген жәбірленуші SОS қосымшасы арқылы көмекті дереу ала алады. Себебі, ол жерде жедел басқару орталығында отырған қызметкер бұл адамның бейне байланыс арқылы артық сұрақтың қажеті жоқ болып жатқан жағдайды көрсетсе жеткілікті. Ұрыс-керіс кезінде басып қалып 3-4 секун қосып қойса, ол қоңырау дереу тіркеліп, көмек барады. Ал 102-ге хабарласса толық ақпарат айтып беру қажет болады.

  • Жедел басқару орталығына күніне қанша хабарлама түседі?

Жай күндері 50-ден астам қоңырау келіп түседі. Ал сенбі, жексенбі және мереке күндері бұл сан анағұрлым өседі. 80-90-ға дейін өсетін жағдайларды көріп жатырмыз.

  • Қанша іс сотқа дейін барады, әйелдер көп жағдайда арыздарын кері қайтарып алып жатады ғой?

Адамдардың жауапкершілікке тартылмауының бірден бір себебі жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқан немесе арыздарын қайтарып алуынан болады. Жазасыздық жүгенсіздікке апарады. Жазаға тартылмаған адам осы құқықбұзуды тағы да қайталайды. Сондықтан әйелдерге зорлық-зомбылық жасалған кезде қорықпай арыздану керек.

1 шілдеден бастап  арызданушының арызын күтпей арыздану сипатынан анықтау сипатына өтеміз. Кез келген адам отбасы, тұрмыстық салада құқықбұзуды көрсе, куәгер болса сол адамның берген түсінігі жеткілікті болады. 

  • Астанада қанша ер адам зорлық-зомбылық мәселелері бойынша тіркеуде тұр?

Бүгінгі таңда 1500 адам тіркеуде тұр. Бұл адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп тұрады.

Өзгелердің жаңалығы