Зорланған бала, жауыз әке-шеше: Депутат қорқынышты статистика жайлы айтты

13 Қыркүйек 2023, 11:41
1926
Бөлісу:
Зорланған бала, жауыз әке-шеше: Депутат қорқынышты статистика жайлы айтты
Фото: Артём Чурсинов - архив

Депутат Ернұр Бейсенбаев балаларға қарсы қылмысқа барғандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру керектігін айтып, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы халқына Жолдауында да кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап ететінін айтқан болатын.

Өкінішке қарай, күн сайын балаларға қарсы жасалған жантүршігерлік қылмыстар туралы жаңалық оқып жан-дүниеміз бен сана-сезіміміз сансыз соққылар алуда. Бұл қылмыстар әлемнің басқа түкпірінде болып жатқан жоқ. Өзіміздің елде, өз балаларымызға қарсы болып жатыр. Халықтың назары мұндай қылмыстарға үйренбеуі керек. Жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2 000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Яғни, күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте қорқынышты статистика, - деді депутат Мәжілісте.

Сонымен қатар Бейсенбаевтың айтуынша, жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі. Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді.

Осы депутаттық сауалымды жазып отырған сәтте Ақмола облысындағы мектептердің бірінде 5-сынып оқушысының зорланғаны туралы жаңалықты оқып, төбемнен жай түскендей болды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар біздің қоғамда жиілеп барады. «Бала біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі» дейміз. Бейкүнә балаға қол көтерген азаматтар, арам ойдың алдында осыны ойланса екен. Мұндай қылмыс жасағандарға «бостандығын шектеу» деген жаза қолдану тиімсіз екенін көріп, көзіміз жетті. Қылмыскерді бостандыққа жіберіп, оның тағы басқа қылмыс жасауына өзіміз жағдай жасап береміз. Сарыағаштың Жібек Жолы ауылындағы кішкентай Еркежанның өлімі осы сөзіме дәлел бола алады, - деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ депутат атап өткендей, ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың көбірек зәбір көретіні де белгілі. Өгей әке-шешеден зорлық-зомбылықтың жиі болуы – әлеуметтік қорғауда жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді. Яғни учаскелік инспекторлардың, кәмелетке толмаған балалармен айналысатын мамандардың жұмысына сын көп.

Қоғам да бей-жай қарамауы керек. Мәселен, Алматыда өгей анасының қолынан қайтыс болған 7 жасар Каринаның жанұшыра айқайлаған дауысын көршілері естіген, бірақ ешбірі араша түспеген. Кеше ғана Алматы қаласында 44 жастағы әкесі екі жыл бойы өз қызына көрсеткен зорлығы үшін 20 жылға сотталды. 20 жылға ғана, бұл нонсенс. Мұндай қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айрылуы керек. Бұл – аксиома. Мектептегі буллинг пен кибербуллинг мәселесі де толастар емес. Кеше ғана Алматы облысындағы 13 жастағы жеткіншек мектептегі әлімжеттіктің себебінен өз-өзіне қолжұмсамақ болғанын естідік. Заң бар, бірақ орындалуы әлсіз, - деді ол.

Ернұр Бейсенбаев AMANAT партиясының фракциясы бұл мәселені өз назарында жіті ұстайтынын жеткізді. Фракция заң жобасына қажетті өзгерістерті енгізіп, тағы да қатаңдатады.

Депутат мынадай ұсыныстарын жеткізді:

1. Балалардың терезеден құлау фактілеріне байланысты, әкімдіктер, КСК тарапынан түсіндірме жұмыстары күшейтілуі тиіс.

2. Отбасындағы ішімдікке немесе наркотикалық тәуелділікке салынған азаматтардың барлығы қатаң бақылауға алынуы тиіс. Олармен пробациялық жұмыстарды жүйелі деңгейде өткізу маңызды.

3. Бала қауіпсіздігін сақтауда барлық мемлекеттік орган бірлесіп, жүйелі әрі жылдам жұмыс жасауы қажет.

Өзгелердің жаңалығы