Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысы Ынтымақ ауылының мектеп оқушылары 1 желтоқсан Тұңғыш президент күніне орай "Ұлы даланың ұлы кемеңгері" атты зияткерлік-танымдық сайысқа қатысты.
Қазақстанның Тұңғыш президенті күні аймақтың түкпір-түкпірінде тойланып жатыр. Мереке қарсаңында Ынтымақ ауылының мәдениет үйінде де зияткерлік-танымдық шара ұйымдастырылды.
Бүгінгі кешімізді саясаттың суырылған сара саңлағы, бүкіл әлем мойындаған дара тұлға, алғыр басшы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнадық. "Болашақ ұрпақ білімді, талантты, ойы ұшқыр, ісі өнімді болуы қажет, өйткені ол қоғамның дамуына, елінің гүлденуіне елеулі үлес қосатын жеке тұлға ретінде қалыптасуы қажет" деген Елбасының қанатты сөздерін желеу ете отырып, зияткерлік сайысты "Ұлы даланың ұлы кемеңгері" деген атпен өткіздік, - деген Ынтымақ селолық клубының меңгерушісі Назым Майкубенова барлық қазақстандықты 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күнімен құттықтайтындығын жеткізді.
Сайыста топ-топқа бөлінген оқушыларға Елбасының өмірбаянына қатысты сұрақтар қойылды, сондай-ақ, қатысушылар Тұңғыш президент күніне байланысты өздері дайындаған креативті, ерекше слайдтары мен видеоларын көрсетті. Сайыс соңында үздік танылған оқушыларға марапатталып, алғыс хаттар табысталды.
Бүгінгі сайысқа ерекше ыждахаттылықпен дайындалдым. Елбасының балалық шағы, өмір жолы, еліміз үшін атқарған істері маған әрқашанда қызық. Сондықтан да болар Тұңғыш президентіміз жайлы оқу, білу қиындық тудырмады. Осы сайысқа қатысушылар да "Елбасының ерекше, өзгеше қырларын таныды" деп ойлаймын. Өзімнің сыныптастырымды, мұғалімдерімді 1 желтоқсан Тұңғыш президент күні мерекесімен құттықтаймын, - дейді сайысқа қатысушы Сабина Амангелді.