2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту маусымы тұрақты өтті. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтің жүйелі жұмысының арқасында 2024–2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезең қалыпты жағдайда өтті. Жылыту кезеңінде ірі технологиялық бұзушылықтар болған жоқ, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, былтыр қабылданған шаралар жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржыны едәуір ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Энергия көздерін жөндеуге бөлінген қаражат 44%-ға артып, 327 млрд теңгеге жетті. Жылу желілерін жөндеуге 28%-ға артық, яғни 148 млрд теңге бағытталды. Электр станцияларында жөндеу кестесіне сай 10 энергия блогы, 55 қазандық және 45 турбина жөнделді. Сондай-ақ, 21 мың шақырым электр беру желісі мен 423 қосалқы станция жаңартылды. 542 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылды, – деді Сұңғат Есімханов.
Ол отынмен қамтамасыз ету мәселесі де бақылауда болғанын айтады.
Өткен маусымда энергия көздерінің отын қоймаларында 5,4 млн тонна көмір мен 141 мың тонна мазут жиналды. "Қазақстан темір жолы" компаниясымен үйлесімді жұмыстың арқасында барлық энергия нысандарындағы отын қоры нормативке сәйкес жеткізілді, – деді вице-министр.