Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов алдағы жылыту маусымына дайындық туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес, биыл электр станцияларында 10 энергия блогын, 63 қазандықты және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған.
4 энергия блогында, 31 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңдерде жүргізілуде. 5 энергия блогында, 22 қазандықта және 12 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Энергетикалық көздер бойынша жөндеу жұмыстарына 376,7 млрд. теңге игеру жоспарлануда, бұл өткен жылғы деңгейден 13%-ға жоғары. Аймақтық электржелілік компаниясының электр желілерінде жалпы ұзындығы 17 мың км электр беру желілерін, 420 қосалқы станцияны, 3,5 мың тарату пункттерін және трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу жоспарланған, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Ал электр беру желілерінің 77%-ы, қосалқы станциялардың 68%-ы және тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станциялардың 73%-ы жөнделгені белгілі болды.
Жылумен жабдықтау желілерінде 323 км жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша жөндеу жұмыстары жоспарланған. 215 км немесе 66% орындалды. Барлық жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталады. Биыл 7 айда электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар 944 жағдайға дейін, яғни 11%-ға төмендеді. Сонымен қатар «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-да және «АлЭС» АҚ ЖЭО-3-те технологиялық бұзушылықтар ұлғайған, - деді Ерлан Ақкенженов.
Көрсетілген технологиялық бұзушылықтар бойынша Энергетикалық қадағалау комитеті құзыреті шеңберінде тиісті тергеу жүргізді және осындай жағдайлардың қайталануын болдырмау үшін ұсынымдар бергені анықталды.