Алматы мен Шымкент қалаларында бірқатар нысанның жылыту маусымына дайындық көрсеткіші төмен. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Барлық өңірлерде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 10 913 білім беру нысанының 10 693-і дайын, бұл – 98%. 8 өңірде дайындық көрсеткіші 100%-ға жетті. Жоспардан Алматы мен Ақтөбе облыстары қалып отыр. Денсаулық сақтау нысандары бойынша да осындай жағдай қалыптасқан. Бүгінгі таңда дайындық 98%-ға жетті, яғни 5 394 нысанның 5 281-і дайын. 6 өңірде дайындық көрсеткіші 100%-ға жетті, – дейді министр.
Оның сөзінше, денсаулық сақтау нысандары бойынша төмен көрсеткіш Шымкент пен Алматы қалаларында байқалып отыр.
Тұрғын үйлер бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары 51 391 үйде аяқталды, бұл – жоспардың 96%-ы. Түркістан облысында тұрғын үй қорының дайындығы толық қамтамасыз етілді. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында тұрғын үйлердің дайындық деңгейі төмен. Өңірлерде инженерлік инфрақұрылымға да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 1 808 шақырым сумен жабдықтау желісінің 1 303 шақырымы жөнделген, – дейді ол.
Жөндеу жұмыстары алты өңірде толық аяқталған. Ал төмен көрсеткіштер Алматы және Жамбыл облыстарында тіркеліп отыр. Су бұру желілері бойынша жоспардың 74%-ы орындалған. Яғни жоспарланған 306 шақырымның 225 шақырымы жөнделген.
Жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында министрлік тарапынан автономды қазандықтардың дайындығына мониторинг жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда 14 618 автономды қазандық дайындалды, бұл – 98%. 6 өңірде нысандардың дайындығы 100%-ға жетті. Төмен көрсеткіш Алматы мен Шымкент қалаларында. Автономды қазандықтарға арналған көмір дайындығы 69%-ды құрайды, мазут қоры – 88%, дизель отыны – 93%, – дейді министр.
Ерсайын Нағаспаев коммуналдық қызметтердің тұрақты көрсетілуіне тұтынушылардың берешегі де әсер ететінін атап өтті.
Коммуналдық қызметтерді тұрақты көрсетудің маңызды шарттарының бірі – тұтынушылардың берешегін өтеуі. Бүгінгі таңда заңды және жеке тұлғалардың коммуналдық қызметтер бойынша дебиторлық берешегі шамамен 19 миллиард теңге. Ең жоғары берешек Алматы қаласында қалыптасқан. Дебиторлық берешектің жоғары болуы табиғи монополиялар субъектілеріне бекітілген инвестициялық бағдарламаны толық іске асыруға мүмкіндік бермейді, – дейді Нағаспаев.
Министр алдағы жылыту маусымына уақытылы әрі сапалы дайындалу үшін әкімдіктерге бірқатар міндет жүктелгенін айтты.
Әкімдіктерге 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының толық дайындығын қамтамасыз ету; қыркүйектің соңына дейін сумен жабдықтау және су бұру желілеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау; коммуналдық қызметтер тұтынушыларының қолданыстағы дебиторлық берешегін өтеу жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ орталық, солтүстік, шығыс өңірлер мен Астанада 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз ету қажет, – дейді Ерсайын Нағаспаев.