Жылыойлық жастар мүмкіндігі шектеулі жанға баспана сыйлады

15 Маусым 2020, 22:59
2029
Бөлісу:
Жылыойлық жастар мүмкіндігі шектеулі жанға баспана сыйлады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысы Құлсары қаласында тұратын жалғызбасты анаға жаңа баспананың кілті табыс етілді.

Жылыойлық жастардың бастамасымен жүзеге асқан игі іс - 2020 жылдың 24 наурызында басталған. Қайырымды іске ерікті жастардан бөлек, аудан тұрғындары мен жас кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетіп, үй құрылысын жандандыруға атсалысты. Бүгінде ескі үйі  жаңа баспанамен ауыстырылған құлсарылық Бақтыгүл Сейтқалиеваның  қуанышында шек жоқ. Ал, ұйымдастырушылар игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын табады дейді. 

Ауданымыздың  алыстан ауыр жүк таситын Камаз  жүргізушілері цемент, ПГС, ракуштас, топырақтарын әкеліп төгіп тастады. Мәрт жігіттердің үлгі боларлық бұл істерін тоқтатпастан ауыл жастары да жалғастыра жөнелді. Бірі төбесін жауып жатса бірі іші-сыртын сылап, майлап берді. Енді бірі ауланы қоршап, ауланың ішіне әдемі тастарды төсеп өз шеберліктері мен мәрттіктерін көрсетті. Үйдің құрылысы бітіп, ішіндегі декорация жұмыстарын, атап айтсақ,  кермелі әсем төбені, электр желісін, газ, су желілерін жалғады, - дейді ұйымдастырушылар.

Көпке үлгі болған игі іске, жылыойлық қыз-келіншектер де терезе жапқыштарды тігіп көмек көрсетсе, кәсіпкерлер үй ішін жиһазбен толтырған.  Осындай ұйымшылдықпен жүзеге асқан баспана құрылысы аяқталып, үй иесіне барлық құжаттар заңды түрде жасақталып, табысталды.

Айта кетейік,  ерікті жастардың Instagram  әлеуметтік желісінде @zhylyoi_qairymdylyq аталатын  парақшасы бар.  Кез-келген тұрғын сол парақшаға тіркеліп, көрсетілген анықтамалар бойынша қайырымдылық шараларына үлес қоса алады.

Өзгелердің жаңалығы