Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Жылы жағажай" аймағы: Ақтауда жаңа эко-курорт салынады

4 Мамыр 2025, 01:22
852
Бөлісу:
 lada.kz архив
Фото: lada.kz архив

Маңғыстау облысының туризм басқармасының қолдауымен "Каспий" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Pine Hills Group» туристік деволопер және "Жәрдем Ақтау" мекемесі арасында "Жылы жағажай" курорттық аймағының аумағында "Ақтау қаласында эко-курорт құрылысы" жобасы бойынша ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы "Каспий" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жоба рекреациялық қызметтердің толық спектрін ұсынатын озық үлгідегі заман талабына сай эко-курорттың құрылысын көздейді. Тұжырымдама аясында модульдік қонақ үйлерді глэмпинг форматында орналастыру, бассейндері бар заманға сай сауықтыру орталығы мен мейрамханаларды салу сондай-ақ жайлы демалыс үшін кешен аумағын абаттандыру жоспарланған.
Жобаның ерекшелігі – объектілерді салу кезеңінде де, оларды одан әрі пайдалану кезінде де көміртегі ізін едәуір азайтуға көмектесетін тұрақты технологияларды қолдана отырып құрылыстың экологиялық қауіпсіздігін ескеру.

Жоба әзірлеуші компания қазіргі таңда тұжырымдамасы ұқсас Nomads Eco Resort кешенін Алматы облысының Талғар ауданында салып жатыр. Қос жобаның жасақтау үрдісіне Zrobim Architects сәулет бюросының атынан шетелдік сәулетшілер тартылды.

Маңғыстау облысы бірегей табиғи ресурстар мен бай туристік әлеуетке ие. Біз жобаны іске асыру отандық қана емес, шетелдік туристерді де тартуға қосымша серпін береді деп санаймыз, – деп атап өтті «Каспий» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Абылай Молдағұлов.

"Pine Hills Group" компаниясының негізін қалаушы және даму жөніндегі директоры Арман Әлжановтың айтуынша, қонақүйдің базалық қызметтері мен мейрамхана сервисін қоса алғанда, заманға сай Wellness орталығын іске қосу жоспарлануда.

Біз болашақ қонақтарымыз үшін жайлылық пен жоғары сапаны қалыптастыруды көздейміз. Қонақтарымыз қайтадан оралғысы келіп, сапалы қызмет пен жағымды эмоциялар алуы үшін жағдай жасауға тырысамыз, – деді жоба бастамашысы.

"Жылы жағажай" аумағында жобаны іске асыру қосымша туристік ағымды тартуды көздейді және Маңғыстау облысының визиттік карточкаларының біріне айналуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы