Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Шығыс Қазақстанда үш мектептің құрылысы аяқталып, бір орта білім ордасы кеңейтілді. Бұл туралы бүгін өңір тұрғындары алдында есеп берген облыс әкімі Даниал Ахметов хабарлады.
2019 жылы 2900 орынға арналған үш мектептің құрылысы аяқталды. Олар Өскемен қаласының Ахмер кентінде және Уалиев көшесінде орналасқан 1000 орындық екі мектеп пен Тарбағатай ауданына қарсты Ақжар ауылындағы 600 орындық мектептер. Тарбағатай өңірінде жаңадан бой көтерген мектептің жанында 300 орындық интернаты қоса салынды. Сондай-ақ Өскемен қаласының Жаңа Согра кентіндегі №23 орта мектеп кеңейтілді, - деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, облыс орталығында 200 төсектік Балалар ауруханасы ашылды. Абай ауданына қарасты Кеңгірбай би ауылының тұрғындары 100 орындық жаңа клубқа ие болса, Семейдің жаңадан бой көтерген Қарағайлы тұрғынауданында Тәуелсіздік күні қарсаңында бес мың орынға арналған әлемдік деңгейдегі Көпфункционалды мәдени-спорттық кешені салтанатты түрде ашылды.
Глубокое кентінде Дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеріп, бұған дейін болмаған аудандық Мәдениет үйі ғимаратының іргетасы қаланды. Сонымен қатар 2019 жылдың соңында Өскеменде педагогикалық қоғамдастық үшін маңызды оқиға орын алып, Ұстаздар үйі ашылды. Мұнда дарынды балалар мен олардың ата-аналардың қатысуы арқылы етене қарым-қатынас және тәжірибе алмасу бағытында түрлі жағдайлар жасалып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін шеберханалар ашылды.
Биыл ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін 900 педагог курстық дайындықтан өтеді, ол үшін өңірдегі 19 ғимарат бейімделіп, 395 мектеп қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді, - деп қосты Даниал Кенжетайұлы.