Алматының коммуналдық қызметкерлері жылу энергиясы үшін миллиардтаған соманы әдейі төлемеушілерден сот арқылы өндіріп алуға және қарызын өтегенше ыстық суды беруді тоқтатуға нық бекінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мегаполистегі жылыту үшін жалпы берешек шамамен 1,8 млрд теңгеге жетті. Борышкерлерге ыстық су беруді шектеу – мәжбүрлі шара. Қызметті төлемеу қаланың алдағы жылыту маусымының дайындығына кері әсер етеді.
Жыл басынан бері Алматыда төленбеген жылу энергиясы үшін 415 млн теңге қарызы бар 2 140 абонент ыстық судан қағылды. Тағы 1 122 төлемеушіге 897 млн теңге сомасында сотқа талап арыз берілді. Жылу және ыстық су үшін 109 млн теңге төлемеген 439 тұтынушының шотына бұғат салынды. Жалпы сомасы 206 млн теңгеге тең 655 банк шоты бұғатталды.
176 млн теңге берешек еліміздің 258 азаматына Қазақстаннан шығуға тыйым салынды. Жалақы мен өзге табысынан 16 млн теңге ұсталды.
Жылу берушілер қала тұрғындарын қарызын мүмкіндігінше тезірек жабуға және коммуналдық қызметтер үшін төлемдерді уақытылы төлеуге жауапкершілікпен қарауға шақырады.