Жылу, су және жарық: Жобалық кеңсе коммуналдық секторда артта қалған өңірлерді атады
Жылу, су және жарық: Жобалық кеңсе коммуналдық секторда артта қалған өңірлерді атады
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаның Жобалық кеңсе отырысында 2026 жылға арналған жоспар-кестеден артта қалып келе жатқан Қазақстанның өңірлері аталды.
Жобалық кеңсе ЭКСЖ жоспар-кестесін орындау бойынша артта қалған өңірлерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жылумен жабдықтау саласында Маңғыстау облысы антирейтингтің абсолютті көшбасшысы атанды. Мұнда бұған дейін 47 км желі салу жоспарланған еді. Сәуір айының басындағы жағдай бойынша жоспардың орындалу көрсеткіші 0%. СҚО-да 22 шақырымның 2-еуі ғана тапсырылды (жоспар-кесте 9%-ға орындалды). ШҚО-да бекітілген 39 км-дің 8-ін ғана салып, жоспар-кестені 20% ғана орындады. Үздік алтылыққа (топ-6) Жамбыл облысы (17 км-дің 3 км-і, жоспар 21%-ға орындалды), Алматы облысы (5 км-дің 2 км-і, жоспар 32%-ға орындалды) және Абай облысы (14 км-дің 5 км-і, жоспар 32%-ға орындалды) кірді.
Электрмен жабдықтау саласында Абай облысы артта қалушылар тізімінің көш басында тұр: 422 шақырым жоспарланса да, орындалу көрсеткіші 0%. Солтүстік Қазақстан облысында 1 636 км-дің 62 км-і тартылды – кестенің орындалуы 4%. Антирейтингтің үшінші сатысында Қызылорда облысы тұр – 373 шақырымның 67 шақырымы немесе 18%-ы орындалды. Үздік алтылыққа Қарағанды облысы (947 км-дің 204 км-і, жоспардың 22%-ы), Павлодар облысы (486 км-дің 147 км-і, 30%) және Батыс Қазақстан облысы (4 176 км-дің 1 753 км-і, 42%) енді.
Сумен жабдықтау саласында антирейтингті Қызылорда облысы бастап тұр. Мұнда іс-шаралар жоспары бойынша бекітілген 22 км желінің 1 км-і ғана тартылған (орындалуы 3%). Одан кейін 69 км-дің 5 км-ін орындаған Павлодар облысы орналасқан (орындалуы 7%). Антилидерлер үштігін 44 км-дің 6 км-ін орындаған Астана қаласы түйіндейді (орындалуы 13%). Шымкентте (109 км-дің 23 км-і, 21%), БҚО-да (34 км-дің 8 км-і, 23%) және Алматыда (145 км-дің 37 км-і, 25%) жағдай сәл ғана жақсырақ.
Су бұру саласында іс-шаралар жоспарының орындалуы бойынша Батыс Қазақстан облысындағы жағдай ең нашар болып тұр – жоспарланған 21 км-дің ешбірі де орындалмаған, сәйкесінше 0% көрсеткішпен өңір «көш бастап» тұр. Маңғыстау облысында жағдай сәл ғана жақсырақ: жоспарланған 29 км-дің 0 км-і орындалса да, жоспардың орындалуы 1%-ды құрады. Астанада жоспарланған 29 км-дің тұтас бір километрі сәтті аяқталып, жоспар бірден 3%-ға орындалды. Сондай-ақ Ақмола облысы (48 км-дің 5 км-і, 9%), Абай облысы (38 км-дің 4 км-і, 10%) және Солтүстік Қазақстан облысы (20 км-дің 3 км-і, 13%) жоспарларды іске асыруға асығар емес.
Естеріңізге сала кетейік, 3 сәуірде өткен жобалық кеңсе отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев 2027 жылға қарай әкімдіктер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы «қызыл аймақты» толығымен жоюы тиіс екенін атап өтті.
Уақытылы орындалмаған және сапасыз орындалған жағдайда дербес жауапкершілік шаралары қолданылады.