Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жылу құбырындағы апат: Ақтауда бірнеше үй жылусыз қалды

6 Қараша 2025, 01:29
489
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Ақтаудағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің тұрғындары пәтерлерінде жылу болмағандықтан, наразылық акциясын өткізуге дайындалған. Қала әкімдігі жағдайға араласып, мәселені бақылауға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Қазан айының соңынан бері 31А шағын ауданындағы №2, №3 және №4 үйлер жылусыз қалған. Бұған тұрғын үй кешенінен шамамен 200 метр жерде болған құбыр жарылысы себеп болған.

Тұрғындардың айтуынша, инженерлік желілердің жағдайы өте нашар. Құрылыс компаниясы құбырларды оқшауламай, диаметрі кішірек материал қолданған. Соның салдарынан бірнеше жылда жүйе істен шыққан.

Қала әкімдігі мәліметінше, «Тосқауыл Плюс» құрылыс компаниясы апатты құбырды өз есебінен ауыстырып жатыр.

№2, 3 және 4 үйлердің жалпы жылу желісі тозған. Қазіргі таңда компания жаңа құбыр тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аяқтау жақын күндері жоспарланған, – деп хабарлады әкімдік.

Сондай-ақ, бұл инженерлік желілер бұрын қала балансына берілмегендіктен, жөндеу жұмыстарын құрылыс компаниясы жүргізіп отыр.

Қала әкімдігінің өкілдері тұрғындармен кездесіп, жағдайды түсіндірді. Мәселе әкімдік бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы