Жылу маусымына дайындық: Қарағандыдағы негізгі нысандар тексерілді

Қарағанды ЖЭО-3-те жөндеу науқаны жалғасып жатыр.

 Энергетика министрлігі Бүгiн 2026, 08:57
Бүгiн 2026, 08:57
235
Фото: Энергетика министрлігі

Қарағанды облысында жылу маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев өңірге жұмыс сапарымен барып, 2026-2027 жылғы жылыту маусымына электр және жылу энергетикасы нысандарының дайындығын тексерді.

Жұмыс сапары Шахтинск ЖЭО-сынан басталды. Қазір мұнда екі қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізілуде. Комитет төрағасы жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, оларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Одан кейін Ержан Ертаев Саран қаласының қазандық кешеніне барып, жылу көзінің қысқы маусымға дайындығын, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуін және жабдықтардың жоғары жүктемеге әзірлігін бағалады.

Қарағанды ЖЭО-3-те жөндеу науқаны жалғасып жатыр. Сонымен қатар мұнда жаңа қазандық агрегаты мен турбоагрегаттың құрылысы жүргізілуде. Жоба аяқталғаннан кейін станцияның электр қуаты 140 МВт-қа, ал жылу қуаты 180 Гкал/сағатқа ұлғаяды. Қазір кәсіпорында бір қазандық пен бір турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

Жұмыс сапары аясында комитет төрағасы биыл пайдалануға берілген «Қарағанды Жарық» ЖШС-нің 110/10 кВ «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясында болды. Жаңа нысан Қарағандының ірі аудандарының бірін электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, жаңа тұтынушыларды қосуға мүмкіндік береді.

Сапар барысында Теміртау қаласындағы ТМ-3 жылу магистралін қайта жаңғырту жобасының жүзеге асырылуы да тексерілді. Ұзындығы 4,1 шақырым болатын магистральда құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 60 пайызы аяқталған. Ержан Ертаев мердігер ұйымдарға жұмыстың қарқынын күшейтіп, құрылысты бекітілген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар ерекше бақылауда тұрған ГРЭС-1 станциясындағы жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Комитет төрағасы жөндеу бағдарламасын толық орындауды, материалдық-техникалық ресурстарды жұмылдырып, өндірістік бақылауды күшейтуді және барлық жұмысты уақытында аяқтауды міндеттеді.

Наверх