Жамбыл облысында полиция қызметкерлері дер кезінде әрекет етіп, бір азаматтың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 6 қаңтарда профилактикалық тексеріс барысында тәртіп сақшылары үйлердің біріне кіріп, өміріне қауіп төнген ер адамды анықтаған. Қызметкерлер шұғыл түрде араласып, азаматты құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Оқиға әкімшілік учаскелерді профилактикалық тексеру кезінде болған. Есепте тұрған тұрғындарды тексеруге барған полиция қызметкерлері жылыту құбырына асылып тұрған жағдайы ауыр азаматты құтқарып қалды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Олар ер адамға дәрігерге дейінгі көмек көрсеткен, - делінген Жамбыл облыстық ПД хабарламасында.
Зардап шеккен адам жедел түрде аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта оның өміріне қауіп жоқ.
Ер адамның туыстары полиция қызметкерлеріне кәсібилігі, жеделдігі мен бейжай қарамағаны үшін алғысын білдірген.
Полиция департаменті арнайы есепте тұрған азаматтармен профилактикалық жұмыс күнделікті жүргізілетінін, оның мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу және қиын жағдайға тап болған жандарға дер кезінде көмек көрсету екенін атап өтті.