Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Жылдың мемлекеттік қызметкері" болған Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды

14 Шілде 2025, 15:49
1596
Бөлісу:
 informburo.kz
Фото: informburo.kz

Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бас прокуратура қылмыстық қудалау фактісін растады.

2025 жылғы 4 шілдеде Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтарына («Азаптау») сәйкес қылмыс жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары О.И. Кексельді күдікті деп таныды, - делінген прокуратура таратқан хабарламада.

Прокуратураның мәліметінше, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша өзге мәліметтер әзірге жария етілмейді.  

4 шілдеде, Ұлттық бюроның тағы бір бұрынғы басшысы Талғат Тәтібаевтың да ұсталғаны белгілі болды. Ол да дәл осы бап бойынша жауапқа тартылып жатыр. 

Айта кетейік, 2019 жылы Бас прокуратураға бір азамат арызданған. Ол өзін жауап беруге мәжбүрлегенін айтып, Кексельді ықтимал қатысушылардың бірі ретінде атаған болатын. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл істі қылмыс құрамы жоқ деген себеппен тоқтатқан.

Олеся Кексельдің қызметтік жолы:

2017–2018 жылдары - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның Тергеу департаменті басшысының орынбасары;

Кейінгі жылдары - Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы;

2017 жылы "Жылдың мемлекеттік қызметкері" деп танылған.

Өзгелердің жаңалығы