Антифрод-орталығы 500 млн теңгеден астам қаражатты алаяқтардан алып қала алды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлерінің XII конгресінде Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі – Ұлттық банктің цифрлық трансформация жөніндегі жетекшісі Бинұр Жаленов мәлімдеді.
Ұлттық банк экономиканың барлық қолма-қол ақшасыз айналымының шамамен 87%-ын өңдейтін тұрақты банкаралық инфрақұрылым құрды. Ұлттық Антифрод-орталық қаржы саласын реттеушілердің, құқық қорғау органдарының және нарық қатысушыларының алаяқтыққа қарсы тиімді күрес жүргізу үшін күш біріктіретін платформаға айналды. Биылғы шілдеден бері жұмыла істеген жұмыс нәтижесінде 500 млн теңгеден астам қаражатты алаяқтардан алып қала алдық. Біз бұл бастаманы жасанды интеллектті белсенді түрде пайдалану арқылы одан әрі дамыта түсеміз деп үміттенеміз. Соның арқасында Ұлттық карталық свитч және банктер арасындағы жалпы есеп айырысу жүйелері секілді қолданыстағы төлем жүйелері де дами түседі, - деді Бинұр Жаленов.
Ол сондай-ақ 2025 жылы цифрлық теңге платформасы іске қосылатынын атап өтті.
Цифрлық теңге платформасы бұл – мемлекет шығыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге, трансшекаралық есеп айырысуларды арзандатуға және жеделдетуге, сондай-ақ басқа да инновацияларды енгізуге көмектесетін жүйе. Биыл осы платформаны алғаш рет тәжірибеде сынап көрдік. Соның бірі – Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің өз мақсатында пайдаланылуын бақылау. Алдағы күндері цифрлық ҚҚС жобасы іске қосылады. Ол кәсіпкерлерге бюджеттен салықты қайтаруды жеделдетуге мүмкіндік береді. Біз жылдың аяғына дейін цифрлық теңгедегі транзакция айналымы 200 млрд теңгеден асады деп болжап отырмыз. Ал 2025 жылы платформа іске қосыла бастайды, - деді Ұлттық банктің цифрлық трансформация жөніндегі жетекшісі Бинұр Жаленов.