Жыл соңына қарай ішкі туристер саны 8 миллионға жетуі мүмкін

12 Қазан 2022, 10:38
855
Бөлісу:
Жыл соңына қарай ішкі туристер саны 8 миллионға жетуі мүмкін

Kazakh Tourism АҚ жүйелік шараларды жүзеге асыру департаментінің директоры Тимур Кожубеков Алматыда өткен бесінші Халықаралық қонақ үй форумында туризм саласындағы көрсеткіштер жайлы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Коронавирус пандемиясы Қазақстандағы ішкі туризмнің дамуына оң әсерін тигізді деуге болады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, біз тарихи көрсеткішке жеттік, яғни, ішкі туристер саны 6,9 миллион адамды құрады. Биыл да ішкі туристер санының артып отырғанын байқап отырмыз. 2022 жылдың аяғына қарай олардың саны 8 миллион туристке жетеді деп күтіледі, - деді Kazakh Tourism өкілі.

Тимур Кожубеков Қазақстанға шетелден келіп жатқан туристер саны да күн санап артып келе жатқанын айта кетті.

2022 жылдың жарты жылдығында елімізге 300 мың шетелдік турист келді. 2021 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп екенін айта кету керек. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 700 мың адамға жетеді деп күтеміз", - деді  Тимур Кожубеков.

Қазақстанда шетелдік туристердің қозғалысын бақылап, оларды есепке алып отыратын eQonaq атты ақпараттық жүйе бар. Жүйеге қазіргі таңда жарты миллионға жуық шетелдік турист тіркелген. eQonaq базасына 300 мыңнан астам орналасу объектісі енгізілген. Туризм саласына жауапты органдар ұлттық жоба аясында 2025 жылға қарай 250 мыңнан кем емес төсек-орын әзірлеуді мақсат етіп отыр. Қазірдің өзінде 200 мың орын әзірленген. 

Өзгелердің жаңалығы